Приозерск қаласының жұмыссыз қалған тұрғындары «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы бойынша жұмысқа орналасты

Приозерск қаласының жұмыссыз қалған тұрғындары «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы бойынша жұмысқа орналасты

Карантин кезеңінде тұрғындарға қандай қолдау жасалатыны туралы Приозерск қаласының әкімі Қайрат Қамзин онлайн-брифинг барысында айтып өтті. Ол барлық жұмыссыздарға халықты жұмыспен қамту орталығына жүгінуге шақырды.

Қазір Приозерск қаласында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша 10 жоба жүзеге асырылуда. Бұл үшін республикалық және облыстық бюджеттен 800 млн теңгеден астам қаржы бөлінді.

- Жеті жоба бойынша барлық конкурстық рәсімдер аяқталды, мердігерлер анықталды. Жұмыспен қамту орталығы арқылы бұл жобаларда 37 адам жұмысқа орналасты, - деді Қайрат Қамзин.

Қалған үш жоба бойынша конкурстық рәсімдер әлі жүргізілуде. Олардың біреуі осы аптаның соңына дейін аяқталады. Жұмыс іздеушілерге 19 бос жұмыс орны ұсынылды. Екі жоба - Жеңіс гүлзарындағы жүру бөлігін қайта жаңарту және оның жаяу жүргіншілер аймағын абаттандыру - мемлекеттік сараптамадан өтуде. Мұнда 47 адам жұмыс істейді.

- Мен барлық жұмыссыздарды Приозерск қаласының жұмыспен қамту орталығына жүгінуге шақырғым келеді. Онда бос орындар жеткілікті, адамдарға көмектесуге дайынбыз. Қазір орталық күшейтілген санитарлық талаптар бойынша жұмыс істеуде, сондықтан маска киіп, антисептиктерді қолданыңыздар, - деді қала әкімі бос орындарға өтініш беретін үміткерлерге.

Бүгінгі күні Приозерск қаласында бір де бір COVID-19 ауруына шалдыққан тұрғын жоқ. Дегенмен, қалада, облыстың басқа аудандарындағы сияқты карантиндік шаралар күшейтілді.