
Қарағанды облысында ерекше балалардың ата-аналары мемлекеттік тапсырыс бойынша жеке түзету орталықтарының қызметтерін ала алады. Қаржыландыру облыстық бюджеттен бөлінді.
Облыстық мәслихаттың кезектен тыс, XIII сессиясында депутаттар 2024 жылға арналған нақтыланған бюджетті бекітті.

Қаржы басқармасының басшысы Людмила Башарина қаражаттың бір бөлігі әлеуметтік салаға бағытталғанын хабарлады.
– Түзету қызметтерін көрсететін жеке арнаулы ұйымдарда мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыруға, сондай-ақ аутизмі және басқа да ақыл-ой кемістігі бар балаларды қолдауға арналған шығыстар ескерілді, – деп хабарлады баяндамашы.
Білім басқармасы мемлекеттік тапсырыс ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың түзету-педагогикалық қызметтерге кезегін азайтуға мүмкіндік беретінін түсіндірді. Ведомствода 150 бала қамтылатыны нақтыланды. Мемлекеттік тапсырысты алу үшін жеке орталық ҚР Білім Министрінің 2022 жылғы 29 желтоқсандағы № 532 бұйрығымен бекітілген ережелерге сәйкес болуы тиіс.
Бюджетті нақтылау кезінде әлеуметтік сала объектілерінің материалдық-техникалық базасын жөндеуге және нығайтуға, медицина қызметкерлеріне тұрғын үй беруге ақша да көзделген.
Бұдан басқа, ТКШ саласы – жылу, сумен жабдықтау, су бұру объектілерін салу мен жөндеуге қосымша қаржы алады. Сондай-ақ, жергілікті желінің автожолдарын жөндеуге және реконструкциялауға, кредиттік тұрғын үй салуға, ауыл тұрғындарына микрокредиттер беруге және АӨК-те инвестициялық жобаларды кредиттеуге арналған шығыстар көзделген.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету де назардан тыс қалған жоқ. Атап айтқанда, отбасылық және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімшелерін құруға, үй-жайларды жөндеуге және жергілікті полицияның материалдық-техникалық базасын нығайтуға қаражат бөлінді.

– Сіздер бүгін бюджетті қолдадыңыздар. Мұның бәрі маңызды мәселелер: әлеуметтік сала, аутизм орталығы, медицина қызметкерлеріне баспана. ТКШ саласында шұғыл мәселелер бар. Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру, облыс тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту бойынша сіздермен бірге жұмыс істейтін боламыз, – деді өңір әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.