
Қаражал қаласында Жұмыспен қамту жол картасы бойынша 13 жоба жүзеге асырылуда. Шалғы кенті орталықтандырылған сумен қамтамасыз етіледі. Ал бір кездері қараусыз қалған саябақ аумағы балаларды әткеншектер мен спорттық жабдықтармен қуантпақ. Бұл туралы Қаражал қаласының әкімі Тілектес Досаев ZOOM платформасындағы онлайн-конференция барысында мәлімдеді.
- Біздің өңірде «ЖҚЖК» бағдарламасы аясында 11 қалалық және 2 облыстық жоба жүзеге асырылады, - дейді Тілектес Досаев. - Биыл біз жеке сектордағы екінші кезектегі көшелерді, сондай-ақ аула ішіндегі аумақтарды жарықтандыруға кірістік. Келесі аптада Шалғы кентінің тұрғындарын орталықтандырылған су жүйесімен қамтамасыз ету жұмыстары басталады. Мұнда жаңа ұңғыма салынып, әрбір үйге ауыз су беріледі.
Қаражал қаласында жолдарды жөндеу, жаяу жүргіншілер жолдарын жайластыру, мектептер мен ауруханаларда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Биыл барлығы 10 автожол жөнделеді, оның бесеуі ЖҚЖК аясында және тағы бесеуі қалалық бюджет есебінен. Үш жыл аралығында қаланың орталығын толықтай асфальттау жоспарлануда.
Биылғы жылы Қаражал ауруханасында да күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Ол екі кезеңмен өтеді. Жұқпалы аурулар бөлімшесі, қасбеті мен шатыры жөнделетін болады. Сондай-ақ іргелес аумақты абаттандыру көзделіп отыр.
Қалаға жас дәрігерлерді тарту үшін Ленин көшесіндегі үй қалпына келтіріледі.
Сондай-ақ, бір кездері қараусыз қалған балалар саябағы жанданады. Ол балалармен серуендеуге арналған қалалықтардың ең сүйікті орындарының бірі болды. Онда алтыбақандар мен әткеншектерде сырғанауға болатын. Кезінде балалар қалашығын шағын сәулет нысандары безендірген еді. Алайда уақыт өте келе, саябақ тозып, қараусыз қалды.
- Екі жыл бұрын біз оны қалпына келтіру туралы шешім қабылдадық. Жұмыстар екі кезеңде өтеді. Алдымен арнайы сәндік қоршаулар орнатамыз, саябақ аумағында жаяу жүргіншілер жолдарын асфальттаймыз, роликодром саламыз, жарықтандыру өткіземіз, орындықтар мен қоқыс жәшіктерін орнатамыз. Ал келесі жылы саябақта алтыбақан, әткеншек және спорттық құрылғылар пайда болады, - деді Қаражал әкімі.
«Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша Жәйрем кентінде үш мектеп, мәдениет үйі жөнделіп, онда жаңа жаяу жүргіншілер жолдары пайда болады.
Тікелей эфирде талқыланған тағы бір мәселе – Қаражал қаласындағы эпидемиологиялық жағдай төңірегінде болды.
- Өкінішке орай, бізде екі жұқтыру жағдайы тіркелді - Қаражал мен Жайремде бір-бірден. Сақтық шараларын орындауды, мүмкіндігінше көпшілік жиналатын орындарға бармау ды сұраймыз. Сіздердің денсаулықтарыңыз өз қолдарыңызда екенін есте сақтаңыздар, - деді Тілектес Досаев.
Қаражал қаласының әкімі қалада жұмыс істеп жатқан нысандарда санитарлық-эпидемиологиялық шаралардың сақталуын тексеретін үш мобильді топ жұмыс істейтінін атап өтті.