
Қарағанды делегациясы Сочиде, "Сириус" федералды аумағында өткен Дүниежүзілік жастар фестиваліне қатысты.

Биыл фестивальге әлемнің 191 елінен – ғылым, бизнес, медиа, халықаралық ынтымақтастық, мәдениет, еріктілік, қайырымдылық, спорт өкілдерінен 20 мыңнан астам адам жиналды.

Қазақстаннан 300-ге жуық делегат, оның ішінде сегіз қарағандылық қатысты.

Бұл Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің физика-техникалық факультетінің командасы – докторант Перизат Жаңбырбаева, магистранттар Досмұхаммед Әбеуов, Шыңғыс Қабылғани, студенттер Серік Төлеуов, Нұрдана Әбішева, Алмат Мұхамедрахым, жетекшісі – физика және нанотехнология кафедрасының профессоры Светлана Карстина.

Сондай-ақ, Қарағанды делегациясына Әбілқас Сағынов атындағы ҚарТУ жастар саясаты департаментінің әдіскері Ілияс Смайылов кірді.

– Дүниежүзілік жастар фестивалінің бағдарламасы бірлік, теңдік, әділдік, өзара көмек, топтық жұмыс және мейірімділік сияқты құндылықтарға негізделген. Әр күн белгілі бір тақырыпқа арналды – мысалы,"Көпұлтты бірлік", "Әркімге арналған мүмкіндіктер әлемі" және т. б., – дейді Е. А. Бөкетов атындағы ҚарУ докторанты Перизат Жаңбырбаева. – Мен әртүрлі елдерден келген қызықты адамдармен таныстым. Көптеген жаңа ақпарат алдым, Ресейдің жоғары оқу орындарында оқыту әдістемесі, студенттермен ғылыми жұмыс туралы білдім, сонымен қатар физика және нанотехнология кафедраларының жабдықтарымен таныстым.

Делегаттар түрлі шеберлік сабақтарына қатысып, дәрістер тыңдады.

– Мен студенттік кезімнен бастап белсенді қоғамдық қызмет атқарамын. Фестиваль өте ұнады, қызықты дәрістер, атақты адамдармен кездесулер болды, қоғамымыздың өткір тақырыптары көтерілді. Көптеген пайдалы таныстар мен жаңа әсерлерге ие болдық, – деп бөлісті Әбілқас Сағынов атындағы ҚарТУ жастар саясаты департаментінің әдіскері Ілияс Смайылов.
