
Н. Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-интернатта еңбек сіңірген педагог Ләззат Баишева атындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен облыстық олимпиада өтті.

Биыл оған Қарағанды облысының аудандары, қалалары мектептерінің, мамандандырылған мектеп-лицей-интернаттарының 9–11 сыныптарының 64 оқушысы қатысты. Оның ішінде 30 оқушы жүлдегер атанды.

Олимпиада екі кезеңнен тұрды. Қатысушылар алашордалықтардың тағдыры және олардың Қазақстан Тәуелсіздігінің қалыптасуына қосқан үлесі туралы ойларымен эсселерінде бөлісті және грамматика, сондай-ақ қазақ әдебиеті аспектілерін қозғаған ауызша сұрақтарға жауап берді.

Олимпиада қорытындысы бойынша бірінші орын иегерлерінің бірі Әлихан Бөкейханов атындағы № 15 мектеп-лицейдің 11-сынып оқушысы Аслан Қалқаман болды.
– Жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Мұндай шараларға қатысу мен үшін үлкен мәртебе. Бірінші кезеңде мен алашордалықтар туралы эссе жаздым, онда өз көзқарасымды айттым. Екінші кезеңде қазылар алқасының барлық сұрақтарына жауап беріп, бірінші орынды иелендім. Енді Өскеменде өтетін республикалық олимпиадаға дайындалып жатырмын, – деді Аслан Қалқаман.

Сонымен қатар бірінші орынды Н. Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-интернатының 10-сынып оқушысы Сабина Марланқызы иеленді.
– Ләззат Баишева бір кездері біздің мектепте жұмыс істеген, біз ол туралы көп білеміз. Сондықтан ол кісінің атымен өткен олимпиадада жеңіске жеткеніме екі есе қуанып отырмын. Болашақта мен де қазақ тілін насихаттап, филолог немесе журналист болғым келеді. Қазір мамыр айында Өскеменде өтетін Қанипа Битібаева атындағы қазақ тілі мен әдебиеті бойынша Республикалық олимпиадаға дайындық басталды, – дейді Сабина.

Олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлері I, II, III дәрежелі дипломдармен марапатталды. Барлық қатысушыларға сертификаттар табысталды.

"Ағарту үздігі", "Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері", "Ыбырай Алтынсарин" төсбелгілерінің иегері Лаззат Баишеваны еске алуға арналған жыл сайынғы дәстүрлі олимпиаданы "Сарыарқа дарыны" балаларға қосымша білім берудің өңірлік ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырды.
Сондай-ақ, Қанипа Битібаева атындағы қазақ тілі мен әдебиеті бойынша дәстүрлі Республикалық олимпиадаға I және II орын алған оқушылар қатысатынын атап өткен жөн.