Қарағанды облысында "Бастау" жобасы бойынша 2 мыңға жуық адамды оқыту жоспарлануда

Қарағанды облысында "Бастау" жобасы бойынша 2 мыңға жуық адамды оқыту жоспарлануда

10 маусымда Қарағанды облысында "Бастау бизнес" жобасы бойынша онлайн-оқыту өтеді.  Биылғы жылы өңірдің мыңдаған тұрғынын оқыту жоспарлануда.

- Жыл сайын "Бастау" жобасы бойынша оқыту наурыз айында басталады. Бірақ пандемияға байланысты осы жылы ол кейінге қалдырылды және алғаш рет онлайн режимінде басталды, - дейді Қарағанды облысы Кәсіпкерлер Палатасының қаржылық емес қолдау бөлімінің бастығы Меруерт Қасымова.

Оның айтуынша, жобаға қатысуға үміткерлер - өзін-өзі жұмыспен қамтыған немесе жұмыссыз адамдар.

- 18 жастан бастап зейнеткерлік жасқа дейінгі адамдардың аталған санаттары оқуға құқылы. "Бастау" оқуына студенттер қатыспайды. Қалалардың, аудандардың жұмыспен қамту орталықтары үміткерлердің мәртебесін анықтайды, содан кейін оқуға жолдама береді. Жолдама алған үміткер онлайн-режимде Atameken Academy платформасында тіркеле алады, ал техникалық мүмкіндіктер болмаған жағдайда Қарағанды облысының аудандары мен қалаларында Палата филиалдары жанындағы Кәсіпкерлерді қолдау орталықтарына жүгіне алады, - деп түсіндірді Меруерт Қасымова.

Сондай-ақ, ол биылғы жылы жобаға қатысушылар Atameken Academy платформасында оқудың басында және соңында тест тапсыратынын атап өтті. Нәтижелер сертификат алған кезде ескерілетін болады.

- Жалпы оқу мерзімі - 21 күн. Алайда қатысушы оны бұрын да аяқтай алады. Бұл білім алушының жеке қабілеттеріне байланысты. Модуль түріндегі барлық сабақтар Atameken Academy платформасында орналасқан. Әрбір модульден кейін қатысушы белгілі бір тапсырмаларды орындауы тиіс. Шешу барысында бизнес-жоспар әзірленуде. Биыл оқу онлайн форматта өтуіне байланысты стипендия болмайды - ол жол жүру шығындарын өтеу ретінде қарастырылған болатын, - деді Меруерт Қасымова.

Ол сондай-ақ "Еңбек" бағдарламасы аясында 200 АЕК көлемінде грант алу үшін не істеу қажеттігін түсіндірді.

- "Еңбек" бағдарламасына өзгерістер енгізілді. Оларға сәйкес атаулы әлеуметтік көмек алушылар "Бастау" бойынша білім алмай, бағдарлама шеңберінде гранттық қаржыландыруға қатысуға мүмкіндігі бар. Бұл үшін тиісті жұмыспен қамту орталықтарына хабарласуыңызға болады. Онда бизнес-жоспардың жеңілдетілген үлгісі бар. Үміткер өзінің бизнес-жоспарын үлгі негізінде әзірлейді және оны грант комиссиясының алдында қорғайды.

Оұудан өткен және бизнес-жоспарын табысты әзірлеген оба қатысушыларының сертификаттары үш жыл бойы қолданысқа ие болады. Осы уақыт ішінде гранттық қаржыландыруға немесе жеңілдетілген несиелендіруге құжаттар беруге болады.