
Жиырма бес күрделі операция, пациенттерге арналған 130-дан астам кеңес, сондай-ақ мыңнан астам адамды қамтитын шеберлік сабақтары мен тұсаукесерлер – Қарағанды облысында ҚР Президенті Іс Басқармасының Медициналық орталығының күндері қорытындыланды.

Медициналық орталықтың үздік мамандары үш күн бойы – 26–29 ақпан аралығында жұмыс істеді.

Дәрігерлер аймақта бұрын-соңды жасалмаған бірқатар ерекше операциялар жасады. Пациенттердің басым бөлігінде диагноздары күрделі болды.
Емханалар мен ауруханалардың қызметкерлеріне арналған тұсаукесерді санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығының өкілдері өткізді.

Сондай-ақ, облыстың мектепке дейінгі ұйымдары педагогтарының қатысуымен дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды.

Бұл науқанның мақсаты – әлемдік стандарттарға сәйкес келетін озық технологиялар трансферті және тәжірибе алмасу, сондай-ақ медицина мамандарының кәсіби біліктілігін арттыру.

Қарағанды және елордалық дәрігерлердің серіктестігі жүйелі негізде тұрақты болады. Қарағанды облысының әкімдігі мен ҚР ПІБ Медициналық орталығы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.