
Қарағандының жұмыспен қамту орталығында екі мыңнан астам бос жұмыс орындары бар. Бұл туралы қала әкімі Нұрлан Әубәкіров онлайн режиміндегі брифингте мәлімдеді.
Көбіне құрылыс индустриясының мамандары - электриктер, монтажшылар, қаптауыш материалдармен жұмыс жасау шеберлері және жалпы жұмысшылар сұранысқа ие.
Сондай-ақ медицина мен кеңсе қызметкерлері үшін де көптеген бос жұмыс орындары бар.
Дегенмен, Жұмыспен қамту орталығының базасында әлі күнге дейін 1 281 адам жұмыссыз деп саналады.
- Бізде жұмыс қолы жетіспеуде. Бос жұмыс орындары бар, жалақы көлемі 85 мың теңгеден басталады. Мүмкін адамдар жетекші орын алғысы келеді. Бірақ ол болмайды ғой - бірден директор немесе бас дәрігер деген. Қарағандыда жұмыс жоқ деп айту мүлде дұрыс емес, - деп түсіндірді қала әкімі.
Бұл мәселені шешу үшін халықты жұмыспен қамту орталығы негізінде кадрларды іріктеу орталығы жұмыс істейді, онда мамандар онлайн режимінде жұмыспен қамту мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша қосымша бос жұмыс орындары ашылды. Қазір 2700 жұмыс орны бар. Мердігер ұйымдарға жолдарды, үйдің қасбеттерін, абаттандыру алаңдары мен ойын алаңдарын жөндеумен айналысатын жұмысшылар қажет.
Биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша Қарағандыды абаттандыруға 9,6 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаражатқа 421 аула, 46 аула ішіндегі жолдар жөнделеді, 119 тротуарға асфальт төселіп, 269 ойын және спорт алаңдары орнатылады. Сондай-ақ, бюджеттің арқасында 212 көпқабатты үйдің қасбеттері мен шатырлары ретке келтіріледі.
Қала әкімі алда болатын және жасалған жөндеу жұмыстарына құрметпен және мұқият қарауды өтінді.
- Біріншіден, біз барлығымыз азаматпыз. Бізде тек құқықтар ғана емес, міндеттемелер де бар. Егер сіздер біреулердің жөнделген жерлерді бұзып жатқанын көрсеңіз, айтыңыздар. Бұзақыларды біздер білуіміз керек. Қала үшін жасалып жатқан істерге мұқият болуымыз керек. Мұның бәрі бюджеттің ақшасына, сіздің және біздің салықтарымыз. Мен осы қалада тудым, осында өстім, сол себепті қаламыздың әдемі болғанын, гүлденгенін қалаймын. Менің ойымша, біз қаламызда жасалып жатқан істерге қатысымыз барын мақтан тұтуымыз керек, - деп атап өтті әкім.