
29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні Қазақстан бірыңғай уақыт белдеуіне (UTC+5) көшеді. Көптеген өңірлерде уақыт бір сағатқа кейінге шегеріледі, оның ішінде Қарағанды облысы да бірыңғай сағаттық белдеуге ауысады.
Гаджеттер мен техниканы бірыңғай уақыт белдеуіне қалай дайындау керек
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі қазақстандықтарға жаңа уақыт белдеуіне уақтылы көшу мақсатында телефондар мен құрылғыларды жаңарту үшін әмбебап нұсқаулықты орындауды ұсынады.
Жаңарту туралы хабарлама алмаған тұрғындарға уайымдаудың қажеті жоқ. Құрылғылардың бағдарламалық жасақтамасын соңғы нұсқаға сай жаңарту қажет.
Автоматты жаңарту, параметрлерде уақытты автоматты түрде анықтау және интернет байланысы қосылған кезде, уақыт автоматты түрде өзгереді, егер олай болмаса – қолмен өзгерту керек.
Жалпы ұсыныстар:
1. Интернет байланысын тексеріңіз. Уақытты автоматты түрде жаңарту үшін құрылғы желіге қосылуы керек.
2. Уақытты автоматты түрде жаңартуды қосыңыз. Көптеген құрылғылар желілік уақыт қызметтерін пайдаланып күн мен уақытты автоматты түрде жаңартуға мүмкіндік береді.
3. Құрылғыны өшіріп қайта іске қосыңыз. Кейде өзгерістерді қолдану үшін өшіріп қайта қосу қажет.
Операциялық жүйелер бойынша нұсқаулық
Windows
1. «Басқару тақтасы» > сағат және аймақ > күн мен уақытты ашыңыз.
2. «Интернеттегі уақыт» бөліміне өтіп, параметрлерді «Өзгерту» түймесін басыңыз.
3. Интернет уақытымен «Синхрондау» опциясы іске қосылғанына көз жеткізіп, «Қазір жаңарту» түймесін басыңыз.
4. Егер автоматты жаңарту жұмыс істемесе, күн мен уақыт бөліміне өтіп, «Күн мен уақытты өзгерту» түймесін басып, дұрыс уақытты қолмен орнатыңыз.
macOS
1. Жүйе параметрлері > күн мен уақытты ашыңыз.
2. Күн мен уақытты автоматты түрде реттеу опциясы таңдалғанына көз жеткізіңіз.
3. Егер қолмен орнату қажет болса, осы опцияны алып тастаңыз және қажетті өзгертулерді қолмен жасаңыз.
Android
1. Параметрлер > Жүйе > күн мен уақытты ашыңыз.
2. Күн мен уақытты автоматты анықтауды және автоматты уақыт белдеуін қосыңыз.
3. Егер автоматты орнату жұмыс істемесе, осы опцияларды өшіріп, күнді, уақытты және уақыт белдеуін қолмен орнатыңыз.
iOS (iPhone и iPad)
1. Параметрлер > Жалпы > Күн мен уақытқа өтіңіз.
2. Күн мен уақытты орнату опциясы үшін автоматты түрді қосыңыз.
3. Қажет болса, бұл опцияны өшіріп, дұрыс уақыт пен күнді қолмен орнатыңыз.
Қиындықтар туындаған жағдайда
Қазақстанда уақытты есептеу мәселелері бойынша жұмыс тобына кірген қазақстандық ғалымдар мен сарапшылар Бірыңғай уақыт белдеуін құруды ұсынды. 2023 жылдың сәуір айында қазақстандықтар тарапынан неғұрлым қолайлы уақыт белдеуіне көшу туралы бірнеше рет өтініштер келіп түсуіне байланысты жұмыс тобы құрылды. Оған ғылыми институттардың, медициналық жоғары оқу орындарының, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері, Парламент депутаттары және т. б. кірді.
Бұл ретте жұмыс тобы халықаралық тәжірибені зерделеді, оның барысында бірыңғай уақыт белдеуі әлемнің 175 елінде қолданылатындығы анықталды, ал бірден көп уақыт белдеуінде небәрі 22 мемлекет тұрады. Жұмыс тобының қатысушылары UTC+5 Бірыңғай уақыт белдеуіне көшу Қазақстанның көптеген өңірлері шынайы(табиғи) уақытқа барынша жақын уақытты пайдаланатын ең дұрыс және оңтайлы нұсқа болып табылады деген пікірге келді.