Жеңіс Қасымбек Қарағандыны абаттандыру қарқынын тексерді

Жеңіс Қасымбек Қарағандыны абаттандыру қарқынын тексерді

Қарағандыда жолдарды қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Биылғы жылы 83 шақырым жол қалыпқа келтіріледі. Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек қала бойынша жұмыс сапары барысында құрылыс және абаттандыру қарқынын тексерді. 

Қарағандыда төрт жаңа жол пайда болады. Құрылысшылар қазірдің өзінде Волочаевская, Приканальная, 134-ші есептік кварталдағы, 14-ші шағын аудандағы автостанциясынан Восточный а/ж дейінгі көшелердегі жөндеу жұмыстарына кірісті. Сонымен қатар, Магнитогорская көшесінен Карл Маркс көшесіне дейінгі жолды, 7-ші магистральді және М-14 қиылысын қайта жаңарту жұмыстары басталды.

- "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасы бойынша 23 жол орташа жөндеуден өтеді. Біз 812 жұмыс орнын құрдық. Сонымен қатар, аулаларда үлкен жұмыс атқарамыз, асфальтты ауыстырамыз, орындықтар мен қоқыс жәшіктерін орнатамыз. 285 аулада жаңа жарықтандыру жүйесі пайда болады, - деді қала әкімінің орынбасары Сәбит Оспанов.

Облыс әкімі жолдарды асфальттаудан басқа жаяу жүргіншілер жолына да назар аударуды тапсырды.

- Автоәуесқойлар үшін жол жүруге жағдай жасаймыз, бірақ жаяу жүргіншілер туралы да ұмытпау керек. Жол бойында жаяу жүру мүмкіндігі болуы керек. Адамдар аялдамаларға дейін жайлы жолмен жету үшін жаяу жүргіншілер жолдарын абаттандырыңыздар, - деді Жеңіс Қасымбек.

Облыс әкімінің айтуынша, бұл бағытта жұмыстар басталып та кетті. Ал, бұл дегеніміз қала бойынша 100 шақырымнан астам жол.

Өңір басшысы Магнитогорский көшесіндегі жол жөндеу жұмыстары басталған Майқұдық шағын ауданындағы жұмыс барысын тексерді. Биылғы жылы Көгілдір тоғандар шағын ауданына дейін төрт жолақты жолды аяқтау жоспарланып отыр. Жұмыстар келесі жылы да жалғасады.   

Жеңіс Қасымбек теннис орталығының құрылыс алаңында да болды. Бұл жерде қала тұрғындарының серуендеуіне арналған орын болады.

Сондай-ақ, қазір қалада сорғы станциясы бар жылу магистралі қайта жаңғыртылуда. Бұл жылу шығынын азайтуға және Оңтүстік-Шығыс шағын ауданының 60 мыңнан астам тұрғынын сапалы жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.