
Теміртауда Жұмыспен қамтудың жол картасы бағдарламасы бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. 31 жобаны жүзеге асыруға 4,8 млрд теңге бөлінді. Осы жылдың 1 қазанында металлургтер қаласына 75 жыл толады. Шаһардың келбеті өзгереді. Әлеуметтік нысандар, үйлердің қасбеттері, гүлзарлар, сондай-ақ теміртаулықтарға арналған көрнекті орындар - "Металлургтер" монументі, қалалық саябақтағы қысқы бақ, белгісіз сарбазға арналған ескерткіш және т. б. жөнделеді.
Бұл туралы бүгін тікелей эфирде ZOOM платформасында қала әкімінің м.а. Мирас Құттыбай мәлімдеді.
Жұмыспен қамтудың жол картасы бойынша қалада 11 білім беру, 5 мәдениет, 6 денсаулық сақтау, 4 спорт нысандары күрделі жөндеуден өтеді, деп хабарлады ол. Бір стиль бойынша 95 көпқабатты үйдің қасбеттері жаңартылады.
- Дағдарысқа қарсы шаралар аясында ҚР Үкіметінің қаулысымен 2020-2021 жж. Жұмыспен қамтудың жол картасы бекітілді. Жол картасының жан-жақты әлеуметтік - экономикалық тиімділігі зор, - деп атап өтті Мирас Құттыбай.
Оның айтуынша, барлық инфрақұрылымдық жобаларда 1 200-ден астам жұмыс орны ашылады. Нысандарға жұмыспен қамту орталығының жолдамасы бойынша жұмыссыздарды жұмысқа орналастырады.
- Бүгінгі таңда 761 жұмыс орны ұйымдастырылып, жұмыспен қамту орталығы арқылы 368 адам жұмысқа орналастырылды. Ең төменгі жалақы 85 мың теңгені құрайды, - деді қала әкімінің міндетін атқарушы.
Экзотикалық өсімдіктері бар қысқы бақ - қаланың көрікті жерлерінің бірі. Бірегей өсімдіктерді сақтаушылар оранжерея жөндеуді қажет ететіні туралы көптен бері айтып келеді. ЖҚЖК бойынша қаражат бөлініп, жұмыстар аяқталуға жақын қалды
1 шілдеден бастап қала тұрғындары үшін "Восток" саябағы ашылады. "Металлургтер" монументінің жанындағы және тарихи-өлкетану мұражайы алдындағы алаңдар абаттандырылады.
Белгісіз сарбазға арналған саябақ пен ескерткіш 10 жыл бұрын ретке келтірілді. Сол кезде мүсінді қоладан жасап, тұңыр мен фонтан жаңартылған болатын. Биылғы жылы Ұлы Отан соғысы жауынгерлеріне тағзым ету орнын күрделі жөндеуге 362 млн теңге бөлінді. Бұл қаражатқа ескерткіш пен субұрқақ қалпына келтіріліп, гүлзарда қырлы тас жабыны ауыстырылады, жаңа балалар алаңдары мен тренажерлар орнатылады, веложолдар жасайды. Қазір нысанда жүзден астам адам еңбек етуде, олардың жартысы Жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа орналастырылған.
Сондай-ақ, Мирас Құттыбай "Еңбек" бағдарламасы бойынша қала тұрғындарының қолдауы туралы айтты. Ол әлеуметтік жұмыс орындары, қоғамдық жұмыстар, жастар тәжірибесі, кәсіптік оқыту курстары, бизнес-мектеп және т. б. сияқты құралдарды қарастырады.
Тікелей эфирде қозғалған тағы бір мәселе - қаладағы эпиджағдай болды.
- Бүгінгі таңда Теміртау мен Ақтау кентінде 440 КВИ жұқтыру жағдайы тіркелген. Екі адам қайтыс болды. 1 маусымнан бастап бізде карантиндік шараларды біртіндеп жеңілдету жүріп жатыр. Балабақшаларда кезекші топтар жұмыс істейді. 8 маусымнан бастап білім беру орталықтарының, балалар мен ересектерге арналған үйірмелердің, демалыс үйлері мен аймақтарының қызметіне рұқсат етілген, - деді Мирас Құттыбай.
Алайда, жұқтыру қаупі әлі де сейілген жоқ және кейбір шектеулер сақталып отыр. Қалада төрт мобильді топ талаптардың сақталуын күнделікті түрде қадағалап отырады.
Қала әкімінің міндетін атқарушы тұрғындарды өз денсаулығын сақтау үшін қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды.