
Қарағанды облысының дарынды балалары алтын медальдар, Республикалық олимпиадаға жолдамалар және ЖОО-ға гранттар жеңіп алды. № 2 Оқушылар сарайында пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары марапатталды.

Облыс бойынша жеңімпаздар саны – 383. Оның ішінде 374 оқушы 9-11 сыныптарға арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінің, ал 9 ауылдық мектеп оқушылары республикалық олимпиаданың жүлдегерлері атанды.

– Республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде 42 адам алтын медаль жеңіп алды, 71 оқушы республикалық кезеңге жолдама алды, – дейді "Сарыарқа дарыны" балаларға арналған қосымша білім беру өңірлік ғылыми-практикалық орталығының басшысы Нұркен Ашықбаев. – Биыл алғаш рет ҚР Білім министрі Ғани Бейсембаевтың тапсырмасымен ауыл мектептерінің оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиада өтті. Біздің облыстан үшінші турға 54 оқушы іріктеліп алынды, олардың үшеуі бірінші, біреуі екінші және бесеуі үшінші орындарды иеленді. Бірінші және екінші орындардың иегерлері еліміздің жоғары оқу орындарына гранттарға ие болды. Бұл жақсы көрсеткіш.

Грант иегерлерінің бірі – Шет ауданының тумасы Ажар Боранбай. Ол Ж. Ақылбаев атындағы мектеп-гимназияның 11-сыныбында оқиды.
– Мен Қазақстан тарихы пәні бойынша Республикалық олимпиадаға қатыстым. Көп дайындалдым, мұғалімім Әлия Шарипова көмектесті. Ол мені таңертеңнен кешке дейін дайындады, – дейді Ажар. – Толқу болған жоқ, егер тақырыпты білсеңіз, онда барлық сұрақтарға оңай жауап бере аласыз. Мен Астана Халықаралық университетінің Педагогикалық мамандығы бойынша грантына ие болдым. Әрине, өте қуаныштымын. Бірақ мен сәулетші мамандығына оқығым келеді, сондықтан ҰБТ тапсырып, осы бағытта өзімді сынап көремін.

Н. Нұрмақов атындағы дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-интернаттың 9-сынып оқушысы Асқар Айбасов информатика бойынша республикалық олимпиаданың өңірлік кезеңінде алтын медаль иегері атанды.

– Мен олимпиаданың республикалық кезеңіне дайындалып жатырмын. Жетінші сыныпта облыстық кезеңде бірінші орынды иелендім, бірақ республикада екінші болдым. Бұл жолы алтын аламын деп үміттенемін. Сондай-ақ биыл Еуразиялық Олимпиадада қола жүлдеге ие болдым, – дейді Асқар. – Болашақта бағдарламашы болып, ірі компанияда жұмыс істегім келеді.

Дарынды балаларды дайындаған мұғалімдер де назардан тыс қалмады.

Биылғы жылы олимпиадаларда ең жоғары нәтиже көрсеткен үздік мектептер Білім-инновация № 1 лицейі, Қарағанды Шәкәрім атындағы гимназия және Абай ауданының Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-лицейі, сондай-ақ Шет ауданының Ю. Гагарин атындағы мектеп-лицейі болды.


