Приозёрск қаласында 300 орындық жайлы мектеп салынады

Приозёрск қаласында 300 орындық жайлы мектеп салынады

Приозёрск қаласында 300 орындық жаңа мектеп пайда болады. Ол "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы бойынша салынады. Жер телімі бөлінген.

Сондай-ақ Приозёрск қаласында балабақша салу үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде.

Өңірлік коммуникациялар қызметі платформасында өткен брифингте жаңа нысандардың құрылысы және қаланы абаттандыру жоспарлары туралы Приозёрск әкімі Мансұр Ахметов айтып берді.

– Жаңа мектеп салу біздің қала үшін өте маңызды. Жоспар бойынша "Самұрық-Қазына" акционерлік қоғамы жыл ортасына қарай 300 орындық жайлы мектептің құрылысын бастайды. Ол Достық көшесі, 29-да орналасады, – дейді Мансұр Ахметов. – Сондай-ақ, 120 орындық балабақша салу жоспарлануда, бүгінгі таңда ЖСҚ әзірленуде. Жер учаскесі анықталды. 

Приозёрск қаласында мектепке дейінгі мекемелерге кезекте 235 бала тұр. Мектептерде 1927 оқушы оқиды.

Биыл қалада 3 мың шаршы метр тротуар жабдықтап, төрт ойын алаңын орнату жоспарлануда.

Сондай-ақ ЖЭО-да № 1, 4, 5 қазандықтарды ағымдағы жөндеу және ұзындығы 2 шақырым жылу желілерін жөндеу жоспарланған.

Қаланың бес көшесінде су құбыры желілерінің 1,5 км апатты учаскелері ауыстырылады.

Биыл аяқталуы тиіс 210 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жалғасуда. Жоба спортты дамытудың мемлекеттік бағдарламасы бойынша жүзеге асырылуда. 

Дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен болашақ мәдениет үйі үшін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысы жүріп жатыр.

 

Сонымен қатар, биыл қалада үш үйдің шатыры жөнделуде, сондай-ақ сервистік ұйымдардың күшімен кіреберіс жарықтандыруды кезең-кезеңімен жаңарту және электр қалқандарын жөндеу басталады.