
Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан Әбілаев Қазақстан боксының дамуына зор үлес қосқан атақты жаттықтырушы Леонид Тілеубаевты 70-жылдығымен құттықтады. COVID-19 індетінің таралуына байланысты жаппай салтанатты іс-шара өткізілмеді.
Темірхан Әбілаев атақты жаттықтырушының талантын паш ететін жанкүйерлері атынан мерейтой иесін құттықтап, зор денсаулық тілеп, «Құрметті спорт қайраткері» төс белгісін тақты. Сондай-ақ ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және денешынықтыру комитеті, облыстық және қалалық мәслихат , Қарағанды қаласы әкімдігі мен Дене шынықтыру және спорт басқармасының атынан алғыс хаттар табыс етті.
- Бақыттымын! Рахмет! Шынымды айтсам, осы 70 жылым бір сәттей өте шықты. Осы күнге дейін қатардан қалмай жүргеніме өте қуаныштымын, - деді Леонид Тілеубаев.
Спортшылар тәлімгерінің педагогикалық өтілі – 44 жыл. Леонид Рахымжанұлы әлі күнге дейін балаларды жаттықтырады, қазір оның 40-қа жуық тәрбиеленушісі бар. Ол «Бокстан олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебі» КММ-де жұмыс істейді.
КСРО мен Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Серік Нұрқазов, Бейбіт Есжанов, Дулат Боранқұлов және басқа да атақты былғары қолғап шеберлерін тәрбиелеп шығарды.
Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының ақпараты бойынша