
Қарағандыда тоғызқұмалақтан жасөспірімдер мен жастар арасындағы облыс чемпионаты аяқталды.

Оған облыстың 12 өңірінен 140-қа жуық спортшы қатысты.

– Бұл дәстүрлі чемпионат, жылына бір рет өтеді. Блиц пен классикада төрт жас санатындағы (15, 17, 19 және 21 жасқа дейінгі) ұлдар мен қыздар бақ сынасты. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер біздің облыстың атынан Өскеменде наурыз айында өтетін жастар арасындағы ҚР чемпионатында өнер көрсетеді. Қазір Қарағанды облысында спорттың бұл түрі көтіріліп келеді. Өткен жылы ғана бізде алты спорт шебері шықты. Тоғызқұмалақ әсіресе Қарағанды, Бұқар жырау және Ақтоғай аудандарында танымал, Шет ауданында қарқын алуда, – дейді тоғызқұмалақтан ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Елена Каримова.

Теміртаулық Нұрғайым Сайдулла 19 жасқа дейінгі жас санатында классикадан чемпионат жеңімпазы атанды.

– Мен тоғызқұмалақты төрт жасымнан бастап ойнаймын. Біздің отбасымызда барлығы ойнайды. Чемпионат өте қарқынды және қызықты болды. Бұл спорттағы ең бастысы – сабырлы болу және логикаға сүйену. Біз жеті ойын өткіздік, олардың біреуінде ғана ұтылдым. Менің қарсыластарым Ақтоғай, Бұқар жырау аудандары мен Қарағандыдан болды, – деді Нұрғайым.


