
Қарқаралы ауданында қаңғыбас иттерді уақытша ұстауға арналған панажай салынды. Ол бір уақытта 20 жануарға дейін қабылдай алады.
Жануарларға арналған панажай Қарқаралыдан екі шақырым жерде 500 шаршы метр жерде орналасқан. Оның аумағында қаңғыбас жануарларды қауіпсіз ұстау және чиптеу үшін барлық жағдайлар жасалған.

– Панажай аудандық бюджет есебінен салынды, ғимарат Ветстанция балансына берілді. Ол жерде жануарлар 15 күн болады, осы уақыт ішінде олар зарарсыздандырылады және чиптеледі. Чиптеуді Ветстанция қызметкерлері жасайды, – дейді Қарқаралы ауданының ветеринариялық станциясының басшысы Аян Міржақыпов. – Панажайда қоршаулар, ит күркелері, тамақ сақтайтын бөлме, сондай-ақ күзет бөлмесі бар. Су және басқа да коммуникациялар жүргізілген.

Сондай-ақ, тұрғындардың көптеген өтініштері бойынша Қарқаралыда желіге тест режимінде екі автобус шықты. Олар қаланы айналып өтеді. Ересектер үшін жол жүру құны – 70 теңге, балалар үшін – 30 теңге.
"Автобустар бір бағытқа қызмет көрсетеді және кесте бойынша жүреді. Маршрутты жоспарлау кезінде автобустарды бірінші кезекте оқушылар пайдалана алатындай етіп, мектептердегі сабақтардың басталу кестесі ескерілді, – деп хабарлады аудан әкімдігі, – Болашақта тұрғындардың басқа да тілектері ескеріледі. Автобустар күніне үш рет сынақ режимінде жүреді. Егер қоғамдық көліктер сұранысқа ие болса, олар маршрутта қалады".