
Қарағанды қаласының 99270 әскери бөлімі кәсіби әскери боламын деп ниет білдірушілерді тартатыны туралы жариялады. Келісімшарт бойынша қызметке кемінде 18 жасқа толған және 32 жастан аспаған қарағандылықтар тартылады. Үміткерлер офицерлік, сержанттық және қатардағы лауазымдарға ие бола алады.
Болашақ келісімшарт жасаушылардың ҚР азаматтығы, жоғары немесе орта арнаулы білімі, дене бітімі жақсы болуы тиіс. Сондай-ақ міндетті талаптардың қатарында соттылықтың болмауы, ҚР Қорғаныс министрлігінің мамандандырылған ұйымдарында мерзімді әскери қызмет және әскери даярлықтан өтуі қарастырылған. Келісімшарт бойынша әйелдер де әскери қызмет ете алады.

Әскери қызметшілер мемлекеттік кепілдіктер алады. Олар тұрақты табыс пен заттай мүлікпен қамтамасыз етіледі. Кезекті демалыста болған кезде жалақы тоқтатылмайды. Әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелеріне тегін медициналық көмек көрсетуге кепілдік беріледі. Сондай-ақ, келісімшарт жасаушыға және оның отбасының әрбір мүшесіне тұрғын үй сатып алуға немесе жалға алуға 55 мың теңге мөлшерінде тұрғын үй төлемдері қарастырылған.
– Әскери қызметші – бұл жоғары қоғамдық мәртебе, туған ел азаматтарын құрметтеу және лауазымдық өсудің әлеуеті мен мүмкіндіктері. Сондай-ақ, бұл жыл сайын өсіп келе жатқан тұрақты айлық табыс, – дейді 99270 ә/б командирі полковник Тайлан Ахметов.

Сұрақтар бойынша мына мекен-жайға келу қажет: Қарағанды қ., Гоголь к-сі, 34. Байланыс телефондары: +7-702-641-07-52, 21-28-81, 50-59-40.