
Ақтоғай ауданында алдағы жылдары өнеркәсіп саласында төрт ірі жобаны іске асыру, он медициналық мекеме салу жоспарлануда.

– Борлы кенішіндегі катодты мыс өндіретін гидрометаллургиялық зауытта өткен жылы 70 адам жұмысқа орналастырылды, ал биыл жобалық қуаттылығы толық жүзеге асқанда 150 жұмыс орны құрылады. Сондай-ақ таяу жылдары өнеркәсіп саласында 830-дан астам жұмыс орнын құра отырып, темір және түсті металдарды өңдеу, мыс штейн және молибден өндіру бойынша төрт ірі жобаны іске асыру жоспарлануда, – деп өткен жылдың қорытындылары мен болашаққа арналған жоспарлар туралы Ақтоғай ауданының әкімі Руслан Кенжебеков Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте айтып берді.
Медициналық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін Қызыларай ауылында ФАП салынады.
– Сондай-ақ, "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасы бойынша 2024-2025 жылдары 9 медициналық мекеме, оның ішінде Шұбартауда отбасылық емхана салу жоспарлануда, – деп атап өтті спикер.
Шашубай кентінде кезекте тұрғандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін 100 пәтерлі тұрғын үйді қалпына келтіру жұмыстары аяқталуда.
– Біз үйді осы жылдың бірінші тоқсанында пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, жеке инвесторлар арқылы Сарышаған мен Ақтоғайда кезекте тұрғандарды тұрғын үймен қамтамасыз етпекшіміз, - деді Руслан Кенжебеков.
Ауданда тұрғын үй кезегінде барлығы 440 адам тұр
"Ауыл – Ел бесігі" арнайы жобасы бойынша өткен жылы Сарышаған кентінде дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. Ол биыл тапсырылуы тиіс. Сонымен қатар, "Қазақстан халқына" қоры арқылы Шашубайда әмбебап спорт залы салынып, Ақтоғай ауылында стадион қалпына келтіріледі.