
Қарағандыда автобустардың санитарлық жағдайын күн сайын тексеретін болады. Қадағалау жұмыстарына арнайы құрылған мобильдік топтар қатысады. Топтардың құрамына қала әкімдігінің, тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің, прокуратура және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері кіреді. Тексеру жұмыстары бүгін, 8 маусымда басталды.
Мобильді топтар барлық маршруттардың соңғы аялдамаларында кезекшілік етеді. Тексерістер жүргізілетіні туралы автопарк қызметкерлері алдын ала ескертілмей, кез-келген уақытта жүзеге асырылатын болады.
- Бірінші кезекте кондукторлар мен жүргізушілердің бетперде мен қолғап киюін қадағалауымыз керек. Әрбір рейстен соң санитарлык өңдеу жүргізілетінін тексереміз. Өңдеу барысында орындықтар, тұтқалар, ұстағыштар дезқұралдармен залалсыздандырылады. Мүмкіндігінше едендерді жуу және терезелерді сүртіп отыруды ұсынамыз. Сондай-ақ, әрбір рейстен кейін барлық терезелер мен есіктерді ашып, салондарды желдету қажет, - деп түсіндірді Қарағанды жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары секторының меңгерушісі Ескендір Қабидулла.
Егер мобильдік топтар талаптардың сақталмағанын анықтаса, хаттама толтырылып, іс сот қарауына беріледі. Тәртіп бұзушылықты жою мерзімі және автопарктерге тағылатын айыппұлдар туралы шешімді судьялар қабылдайды. Егер бұзушылықтар қайталанатын болса және оларды түзетпесе, автопарк уақытша жабылады.
- Бұл, әрине, төтенше шаралар. Біз автопарктердің ондайға бармайтынына және саналылығына сенеміз. Бірақ егер де біз олардың бірінің қызметін уақытша тоқтатуға мәжбүр болсақ, онда осы кезеңде қала тұрғындарына ыңғайсыздық туғызбау үшін маршруттарды басқа автопарктерге береміз, - деді Ескендір Қабидулла.
Ол сондай-ақ қарағандылықтарды автобустарда маскасыз жүрмеуге шақырды.
Қазір Қарағандыда күн сайын 350-400 автобус рейске шығады. Олардың барлығы санитарлық талаптарға қаншалықты сәйкес келетіні тексеріледі.