Қорытындылар мен жоспарлар: Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері басқармасы

Қорытындылар мен жоспарлар: Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері басқармасы

Екі жыл ішінде Қарағанды облысында 198 жас маман тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін жеңілдетілген ипотеканы пайдалана алды. Биылғы жылы 235 қарыз беру жоспарлануда.

Өткен жылдың қорытындысы және 2024 жылға арналған жоспарлар туралы Қарағанды облысының әкіміне жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Біржан Әлімжанов есеп берді.

Тұрғын үймен қамтамасыз ету

2022 жылдан бастап облыста жас мамандарға арналған өңірлік жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама жұмыс істейді. Өткен жылы жеңілдік несиесін алғаш рет Теміртау жастары алды. Биыл Балқаш және Саран қалаларының жастарын бағдарламамен қамту жоспарлануда. Жеті санат бойынша жас мамандар қатыса алады, оның ішінде "жетім балалар" жаңа санаты енгізіледі.

2023–2027 жылдарға арналған тұрғын үймен қамтамасыз етудің Кешенді жоспары бойынша жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға 470 пәтер беру жоспарлануда. 2023 жылы қоныс тойын 135 отбасы тойлады.

Жатақханалардың құрылысы мен қайта жаңартылуы жалғасуда. 2019 жылдан бастап 7 жатақхана пайдалануға берілді. Тағы біреуін салу жоспарда бар.

Жастар кәсіпкерлігін қолдау

2023 жылы 50 адам жастар кәсіпкерлігін дамытуға және қолдауға екі миллион теңгеден облыс әкімінің грантын алды. Сондай-ақ, қарағандылықтар Zhas project шағын гранттар байқауына қатысты. Нәтижесінде 14 адам грант иегері атанды. Биыл конкурсты қайта өткізу көзделіп отыр.

Маусымдық жұмыспен қамту

2023 жылы "Жасыл елде" 3 мың адам жұмыс істеді. Жыл сайын маусымдық жұмысқа қатысқысы келетіндер көбейіп келеді. Сондықтан биыл облыс әкімі олардың санын 4 мыңға дейін арттыруды тапсырды. Биыл алғаш рет студенттік құрылыс және педагогикалық отрядтар пайда болады.

Пилоттық режимде Jasyl el Qaragandy автоматтандырылған цифрлық жүйесі жұмыс істейді. Бұл жастардың "Жасыл ел" жұмысына қатысу үдерістерін жеңілдетуге және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді.

Волонтерлік бастамалар

Өңірде 73 еріктілер ұйымы мен тобы бар, оған 4,5 мың адам кіреді. Олардың көпшілігі жастар. 40 мың қарағандылықтарға көмек көрсетілді, олардың ішінде көпбалалы және аз қамтылған отбасылар, жалғызбасты қарттар, мүгедектігі бар тұрғындар бар.

Еріктілердің аймақтық фронт-кеңсесі жұмыс істейді. Мұнда жалпы үйлестіру жүріп жатыр және ресурстық көмек көрсетіледі.

Облыстың еріктілер ұйымдары арасында гранттар конкурсы өткізілді.

 

Жастар қауымдастығын дамыту

Облыста "Жас сарбаз" әскери-патриоттық қозғалысы жақсы дамып келеді. Жыл сайын "Жас сарбаз" клубтары "Айбын" республикалық әскери-патриоттық жиынына қатысады, әскерге шақырылушыларды салтанатты шығарып салу, жас офицерлер балы, "Ардағым ардагерім" акциясы ұйымдастырылады.

Облыстың жоғары оқу орындары мен колледждерінде жастар ісі жөніндегі комитеттер мен студенттік өзін-өзі басқару органдары жұмыс істейді.

Жыл сайын облыстың жастар активінің лагері, жастармен жұмыс істейтін мамандарды және ҮЕҰ басшыларын оқыту ұйымдастырылады.