
«Дәрігерлер науқастарға коронавирус жұқтырған деп тіркеу үшін пара береді». Мұндай жалған ақпараттар КВИ-дің алғашқы оқиғалары тіркелген сәттен бастап әлеуметтік желілерде талқыдануда. Осындай аңыздар туралы алғаш рет Zoom алаңында Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров және облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Юрий Залыгиннің қатысуымен өткен онлайн-конференцияда сөз қозғалды.
«Тұрғындар арасында адамдар «өз еркімен» КВИ-ді жұқтырдым деп айту үшін оларға дәрігерлер 300 мың теңге береді деген қауесет бар. Бұл қайдан келген ақша? Оның үстіне ел ішінде басқа да қауесеттер таралып жатыр. Алайда бұл ақпараттарды әзірге ешкім ресми түрде жоққа шығарған жоқ. Адам қайтыс болған кезде, марқұмның туыстарына өлім себебі ретінде танымал COVID-19-ны жазу үшін пара ұсынылады дейді».
Журналистердің осындай сұрақтарына Әлішер Әбдіқадыров пен Юрий Залыгин жауап берді.
- Дәрігерлерде диагноз қою үшін ешқандай шығындар қарастырылмаған. Неліктен біреу ауырып қалу үшін оған ақша төлеу керек? Дәрігерлердің жалақысы тұрақты. Жұмыс зияндылығы үшін қосымша төлем қарастырылған. Әр жағдайда егжей-тегжейлі эпидемиологиялық тексеру жүргізіледі. Байланыс жасаған адамдар тобы анықталады. Бұл әр науқас бойынша үлкен жұмыс. Мұндай үлкен жұмысты орындау үшін қаржыны шығындаудың не қажеті бар? Бұл жалған ақпарат, - деп қорытындылады Юрий Залыгин.
- Бұл қала аңыздарының бірі, - деп жалғастырды Әлішер Әбдіқадыров. - Болжам бойынша, статистика өсіру үшін барлығы жасалып жатыр. Бұл мүлдем дұрыс емес. Көпшілік әлі күнге дейін коронавирустың бар екеніне сенбейді. Мұның себебі адамдардың айналасында науқастарды байқамайтындығында. Бұл жаппай инфекцияның алдын-алу жұмыстары жақсы жүргізілгенін білдіреді. Дегенмен, бізде «коронавирустық инфекция» диагнозы қойылған науқастар тапшылығы жоқ. КВИ құрбандары үшін төлемдер де жоқ. Жалпы, осы жылдың 5 айында Қарағанды облысында өлім көрсеткіші азайды. Ал төлемдер өз міндеттерін орындау кезінде індетті жұқтырған медицина қызметкерлеріне ғана беріледі. Бұл қауесеттердің бәрі негізсіз.