
Қарағанды облысының үш оқушысы жаратылыстану-математика бағыты бойынша ауыл мектептерінің оқушыларына арналған бірінші Республикалық олимпиаданың жүлдегерлері атанды. Еліміздің шалғай ауылдарынан 612 қатысушы 170 медальға – 87 қола, 51 күміс және 32 алтынға таласты.

Қарағандылық олимпиадашылар информатика және география пәндерінен жүлделі орындарға ие болды. Осакаров ауданы №9 гимназиясының 10-сынып оқушысы Константин Калашников (информатика) және Қарқаралы ауданы Бесоба ауылының №8 мектебінің он бірінші сынып оқушысы Айдана Төлеген (география) бірінші орынға ие болды.

Нұра ауданы М. Жұмабаев атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы Дияр Есет информатика пәнінен үшінші орын алды.

– Үш жыл қатарынан информатика пәнінен олимпиадаларға қатысып келемін. Бұл олимпиада екі турда өтті, олардың әрқайсысында төрт тапсырманы орындау үшін төрт сағат берілді. Тапсырмалар қиындығы жағынан әр түрлі болды, ерекше тәсілдерді қажет етті. Менің бөлімімде 80-ге жуық оқушы бақ сынасты. Болашақта информатикаға байланысты мамандықтарға түсуді жоспарлап отырмын, – дейді Константин Калашников.

Олимпиада жеңімпаздарына медальдар мен дипломдардан басқа еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының 37 ректорлық гранты табысталды.

Қарқаралының жас географы Айдана Төлеген Шәкәрім атындағы университеттің грантына ие болды.
– Мен олимпиадаларға 9-сыныптан бастап қатысамын, сонымен қатар өлкетану бойынша облыстық және аудандық ғылыми жобалардың лауреаты болып табыламын. География пәнінің мұғалімі Мақсат Рысбаев екеуміз олимпиада мәселелерін талдап, жақсы дайындалдық. Мен Семейдегі Шәкәрім университетінің грантын жеңіп алдым, – деп бөлісті Айдана Төлеген.

Естеріңізге сала кетейік, Олимпиаданың соңғы кезеңінің барлық қатысушылары алдағы зияткерлік жарыстарға дайындық үшін "Дарын" республикалық сырттай мектебіне қабылданады. I дәрежелі диплом иегерлері 2024 жылғы наурызда жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңіне қатысады.