Қарағанды облысына 2023 жылы 854,3 млрд теңге инвестиция тартылды

Қарағанды облысына 2023 жылы 854,3 млрд теңге инвестиция тартылды

Қарағанды облысында өткен жылы инвестиция көлемі 854 млрд теңгеден асты. 2024 жылға меже кемінде 1,5%-ға ұлғайтылды. Жалпы, өңірде экономиканы 2,5%-ға өсірі жоспарланып отыр.

Облыстың 2023 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және қазіргі кездегі міндеттер туралы аппараттық кеңесте айтылды.

– 2023 жылы өнеркәсіп көлемі 3,5 трлн теңгені құрады. Негізгі капиталға 2022 жылғы деңгейге қарағанда 12,2% өсіммен 854,3 млрд теңге инвестиция салынды. Құрылыс жұмыстарының көлемі шамамен 39%-ға өсті. 422,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, – деді экономика басқармасының басшысы Татьяна Аблаева.

Көлік саласында ішкі сауда көлемінің өсуі байқалды.

Өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Дарын Бұлқайыр 2024 жылы өңдеу өнеркәсібінде өсім жоспарланғанын хабарлады. Қара және түсті металлургияда, машина жасауда, құрылыс индустриясында өсім күтілуде. Инвестициялар 910 млрд теңге деңгейінде, 1,5% өсіммен жоспарланған. Он инвестициялық жобаны енгізу қажет.

Міндет – тұрғын үй құрылысының қарқынын төмендетпеу. Жаңа құрылыстарды жылу қуатымен қамтамасыз ету үшін облыс орталығында үшінші жылу құбырының құрылысы жалғасуда. Қарағанды әкімі Мейрам Кожуховтың айтуынша, нысан биыл тапсырылады.

– Экономиканы одан әрі әртараптандыру бойынша жұмысты жалғастыру қажет. Басты міндеттердің бірі – инвестицияларды тарту, инвестициялық жобаларды іске асыру. Осылайша, жаңа жұмыс орындарын құрып, тұрғындарымызды жұмысқа орналастыруды қамтамасыз етеміз, – деп атап өтті облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.