
Қарағанды облысында 10 қаңтарда атап өтілетін Қазақ әдебиеті күніне арналған #Аsul_soz челленджі өтуде. Бұл күні талантты қазақ жазушысы,"Көшпенділер" романының авторы Ілияс Есенберлин дүниеге келген.

Аталған күн Ұлттық күнтізбенің айшықты күні.

Челленджді өңірлік Білім басқармасы мен Qazaq club ұйымдастырды.

Челленджді алғашқылардың бірі болып қарағандылық ақын Е.Кеңесбекұлы бастады. Сонымен қатар акцияға Әл-Фараби, М. Мамыраев, С. Саттаров, Ғ. Мұстафин, Б. Момышұлы, Қ. Нұржанов, А. Құнанбайұлы, Ы. Алтынсарин, Ә. Бокейхан, Ж. Ташенев, Ә. Ермеков атындағы және №5, 87, 11, 30, 32, 33, 64, 95, 65, 35, 66, 73, 23, 8, 82, 1, 97 мектептер қатысуда.
Бүгінгі таңда челленджді қала, облыс мектептерінің ондаған оқушылары, ақындар мен қоғам қайраткерлері, мемлекеттік қызметшілер қолдады. Мектеп оқушылары жұртшылықты қазақ әдебиеті күнімен құттықтап, сүйікті ақындар мен жазушылардың шығармаларынан өлеңдер мен үзінділерді мәнерлеп оқиды.

Челленджге қатысқан әрбір жасөспірімге Qazaq club жанындағы ұлттық құндылықтарды сақтау орталығы атынан "Тәуелсіздік ленталары" табыс етіледі. Челлендж жыл сайын өтеді деп жоспарланып отыр.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы Қарағанды облысының білім басқармасы Qazaq club жанындағы Ұлттық құндылықтарды сақтау орталығымен бірлесе отырып, облыстың Бірыңғай тәрбие жоспарына Ұлттық күнтізбені енгізген болатын. Күнтізбенің тұсаукесері 2019 жылы Қарағандыда өтті.

Бүгінгі таңда күнтізбе Қарағанды облысының 417 мектебінде, 58 колледжде, 246 мәдениет клубында, мұражайларда, 257 кітапханада, сондай-ақ спорт мектептерінде енгізілді.

Ұлттық құндылықтарды сақтауға бағытталған қазақ күнтізбесі қазақ халқының 2500 жылдық тарихын, 18 ұлттық құндылықты, 8 тарихи оқиғаны, 3 дәстүрлі мерекені, 6 салтты және 25 тарихи тұлғаны насихаттайды.