
Қарағандыда білім беру объектілерінде ауқымды жөндеу жүргізіледі. Осы жылы алғаш рет қалада барлық мектептер, балабақшалар жөндеуден өтеді. "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасы аясында орасан зор жұмыс атқарылмақ. Жеңіс Қасымбек Қарағанды қаласын аралап өтіп, мердігер компаниялар өз міндеттерін қалай атқаратынын тексерді.
№2 музыка мектебі 1948 жылы салынған. Мұнда күрделі жөндеу жұмыстары ешқашан жүргізілмеген. Соңғы рет ағымдағы жөндеу 29 жыл бұрын болған. 650 балаға арналған ғимарат көптен бері жаңартуды қажет етуде. Биыл ЖҚЖК арқасында білім беру нысанын ретке келтіруге мүмкіндік туды. 78 миллион теңге бөлінді.
- Көптен бері мұнда жөндеу жұмыстары болған жоқ. Жылдан жылға қаржыландыру тек шағын жұмыстарға ғана жетті. Қазір күрделі жұмыстар жүріп жатыр. Барлығын ауыстырамыз. Енді бізде жаңа жылу және электр жүйесі, сантехника болады. Біз үшін, әрине, бұл үлкен қуаныш. Жазғы демалыстан соң балаларды жаңартылған мектеп күтеді, - дейді №2 музыка мектебінің директоры Марат Мәжитов.
Алғаш рет күрделі жөндеу жұмыстары Майқұдықтағы №13 мектебінде де жүргізіледі. Ғимарат 86 жыл бұрын салынған. Оның тарихы да бай. Жыл сайынғы ағымдағы жұмыстармен бұл оқу ордасын қалыпқа келтіру мүмкін болмас еді. Сондықтан да "ЖҚЖК" бағдарламасы бойынша мектеп күрделі жөндеуден өтеді. Облыс әкіміне мұнда шатыр ауыстырылып, қасбет жаңартылатыны, жаңа терезелер, жылу жүйесі орнатылатыны, электр монтаждау жұмыстарын жүргізетініі, аумағы көркейтетілетіні және жаңа қоршаулар жасалатыны туралы айтылды.
- Белгілі нысан. Үлкен ақша бөлінді. Балалар үшін жасап жатырсыздар, сондықтан жұмыс сапасын мұқият қадағалаңыздар. Сізге үлкен жауапкершілік артылып отыр. Жұмысты аяқтаған соң өзім келіп тексеремін, - деп ескертті құрылыс компаниясының басшысын Жеңіс Қасымбек.
Қарағандыда барлығы 133 білім беру нысаны бар. Барлығында жөндеу жүргізіледі. Күрделі жөндеу 29 мектепте, ағымдағы жөндеу 41 мектепте, аулаларды абаттандыру 95 мектепте жүргізіледі. Қарағанды қаласы білім бөлімінің басшысы Гүлсім Қожахметованың айтуынша, аулаларды абаттандыруға ешқашан ақша бөлінбеген және мектеп аумақтарын директорларға өз күштерімен қалыпқа келтіруге тура келген. Ал күрделі жөндеуден жыл сайын тек екі мектепті өткізуге ғана мүмкіндік болған.
- Біз биылғы жылы осындай үлкен сома бөлінгеніне өте қуаныштымыз, енді барлық нысандарды толық ретке келтіре аламыз, - деді ол.
Мектептер мен балабақшалардан басқа Жеңіс Қасымбек Майқұдық мәдениет үйінде, "Нұрби" аула клубында және "Литейщик" стадионында жұмыстар қалай жүріп жатқанын тексерді. Спорт нысаны қазір жергілікті тұрғындардың жіті назарында. Халық оны қалпына келтіруді бірнеше рет өтінген. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша биылғы жылы қаржыландыру көзі табылып, қазір стадионда жөндеу жұмыстары басталды.
- Мұнда жасанды көгалды алаң, тартан төселген жүгіру жолдары, қоршау, жарықтандыру тіректері, киім шешетін орындар, дәретхана, әкімшілік блок және күзет блогы болады. Қазір жұмыстар мерзімінен бұрын жүріп жатыр, тамыз айында аяқтауды жоспарлап отырмыз, - деді "Дорстройтрест" ЖШС директорының құрылыс жөніндегі орынбасары Максим Воробьев.
- Стадион тұрғындар үшін өте маңызды. Оның ашылуын асыға күтетінін білемін. Мерзімдерді үзбеңіздер. Майқұдықта 200 мыңға жуық адам тұрады. Қазір мұнда аулалар абаттандырылуда, бірақ аймақта спортпен шұғылдануға деген қажеттілік бар екенін көріп отырмыз. Сондықтан Октябрь ауданында тағы да он жаңа футбол алаңын салуды тапсырамын, - деді Жеңіс Қасымбек аудан әкімі Мейрам Қожуховқа.
Жиын соңында аймақ басшысы "Жұмыспен қамту жол картасы" бағдарламасын іске асыру үшін жауапкершілік туралы және мерзімнен ауытқымау керектігі туралы ескертті. Ал жергілікті жерлердегі әкімдер жұмыс сапасын бақылап отыруы тиіс.