
Жастар кәсіпкерлігін қолдау және әлеуметтік маңызды жобаларды іске асыру аясында жыл сайын Қарағанды облысының барлық қалалары мен аудандарында гранттар бөлінеді. Жаңаарқа ауданында кәсібін жаңа бастаған 12 кәсіпкер өз ісін дамытуға аудан әкімі Юржан Бекқожиннің грантын алды.
21-22 мамырда Жаңаарқа ауданының әкімдігінде жастардың әлеуметтік маңызы бар бизнес-жобаларын қолдау және іске асыру үшін гранттар беру жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Шара барысында 34 кәсіпкер өз жобаларын қорғады. Олардың ішінде 12 әлеуметтік маңызы бар бастамалар болды.
Жақында аудан әкімі жас кәсіпкерлерге 500 мың теңгегеден гранттар табыс етті.
- Сіздер беделді кәсіпкерлер қатарына қосылып, біздің өңірдің әлеуметтік дамуына елеулі үлес қосасыздар деп үміттенеміз, - деді жас кәсіпкерлерге Юржан Бекқожин.
Райхан Пішенбай, Ернар Сағиев, Нұрдәулет Кәдірбеков, Эльдар Қойсибаев, Әсем Советова, Жалғас Құланов, Аяулы Спатаева, Нұрым Зекенова, Ақнар Бекет, Кимбат Ибраимова, Асхат Абдайқамалов және Зере Саламқожа өз бизнесін дамытуға қайтарымсыз қаржы алды.
Нұрдәулет Қадырбеков дыбыс жазу студиясын ашуды жоспарлап отыр.
- Мен мектепте вокал пәнінің мұғалімі болдым. Тәттімбет атындағы өнер колледжін бітірдім. Біздің ауданымыздың талантты балаларын вокалға үйрететін студия ашуды армандаған, сондай-ақ ән жазып, аранжировкаларды жасайтын боламын. Мен Жаңаарқа ауданы әкімінің грантына ие болдым, енді біртіндеп өз ісімді бастай аламын. Бұл қаражатқа микрофондар, колонкалар, құлаққаптар және т.б. жұмысқа қажетті барлық заттарды сатып аламын, - дейді Нұрдәулет Қадырбеков.
Ал Райхан Пішенбай стрит-фуд деп аталатын сегментте гонконгтық вафельдер жасау және сатып өзінің ісін бастамақшы. Бұл тағам клиенттің көзінше дайындалады. Гонконг вафельін сату бизнесі жаңадан бастау алып келе жатқан бағыт, сондықтан бәсекелестік әлі төмен, бұл өз кезегінде шағын капиталы бар кәсіпкерлер үшін тартымды.
- Мен үш жыл қатарынан Жаңаарқа ауданы әкімінің грантына конкурсқа қатысуға өтінім бердім. Биыл өз жобамды қорғап, грант алдым. Мен жас анамын. Әзірге баламен үйде отырып, өз ісімді ашуды армандаймын. Қандай іспен айналыссам екен деп көп ойландым, содан гонконг-вафли жасауды ұйғардым. Себебі олар әзірге біздің ауданда жоқ. Бұл тәтті тағамды балалар да, ересектер де жақсы көреді. Олар балмұздақ қоссаң, тәтті болады, ал ірімшік пен шұжық қоссаң, тойымды болады. Алған қаражатқа қажетті құрал-жабдықтар сатып аламын, - деп болашақ бизнес идеясымен бөлісті Райхан Пішенбай.