Қарағандыда адамдарды қар құрсауынан құтқаруға көмектескені үшін автоволонтерлер марапатталды

Қарағандыда адамдарды қар құрсауынан құтқаруға көмектескені үшін автоволонтерлер марапатталды

Қарағанды облысында қарлы боран салдарынан жолдарда күрделі жағдай орын алды. Жолдар жабылып, мыңдаған көліктер қар құрсауында қалып қойды. Оларға полиция мен ТЖ қызметінің өкілдері ғана емес, автоволонтерлер де көмекке келді.

Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, бес күн ішінде 29 желтоқсан мен 2 қаңтар аралығында полицейлер 18 мыңға жуық көлікке жақын маңдағы елді мекендерге жетуге көмектесті.

Еріктілер адамдарды қар құрсауынан құтқаруға және оларды эвакуациялауға көмектесті. Қарағандылық джиперлер көліктер өте алмай жатқан орындарға өз еркімен барды. Олар жүк көліктері мен жеңіл көліктерден құралып қалған кептелісті жоюға көмектесті.

Полиция департаментінде автоволонтерлердің әрекетін атап өтті. 10 адам марапатталды. Оларға ҚР ІІМ символикасы бар қол сағаттары мен алғыс хаттар табыс етілді.

– Жаңа жылдық мереке күндері біраз қиналдық, ауа-райы күрт нашарлап кетті. Осыған қарамастан, көптеген азаматтар үйлеріне немесе қонаққа баруға тырысты. Сол себепті жолдарда жеңіл көліктер де, жүк көліктері де, автобустар да жиналып қалды. Белсенді азаматтық ұстаным үшін сіздерге және департамент қызметкерлеріне көп рахмет. Сіздер полиция қызметкерлерімен тең дәрежеде азаматтық борыштарыңызды өтеп, қиын жағдайға тап болған адамдарға көмек көрсеттіңіздер, – деді облыстық ПД бастығы полиция генерал-майоры Санжар Әділов.

Фото polisia.kz