Жұмыспен қамтудың жол картасы: Балқашта әлеуметтік нысандар, үйлердің және жолдардың қасбеттері жөнделеді

Жұмыспен қамтудың жол картасы: Балқашта әлеуметтік нысандар, үйлердің және жолдардың қасбеттері жөнделеді

Балқаш қаласында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Жұмыс сапасы тұрақты бақылауда. Қала әкімі Ораз Тәуірбеков апта сайын нысандарды аралап шығады.

Уәлиханов көшесінде үйлердің қасбеттері мен шатырларын жөндеу жұмыстары басталды. Бағдарламаға бес көпқабатты тұрғын үй енгізілді. Жұмыстар кесте бойынша жүріп жатыр, тамыз айында аяқталады деп жоспарлануда.

Балқаш қаласында биылғы жылы 24 шақырымнан астам автожолға орташа жөндеу жүргізіледі. Өткен жылмен салыстырғанда жол жөндеу жұмыстары алты есеге артты. Атқарылған жұмыс сапасына «Қарағанды облысы бойынша ұлттық активтер орталығы» РМК мамандары бақылау жүргізеді.

Қалалық демалыс аймақтарына баратын жолдар ретке келтірілуде. Жазғы маусымға дейін Шұбар-Түбек елді мекеніндегі жол жақсартылды. Жаңа асфальт төселіп, жаяу жүргіншілер аймағы жасалды.

Қалада аулаларды абаттандыру да жалғасуда. Биыл 24 аула алаңдарында құрылыс жұмыстары жоспарланған. Олардың көпшілігінде жөндеу жұмыстары басталды. Аулаларда асфальт төселіп, ескі жарықтандыру тіректері ауыстырылады. Тұрғындардың өтініші бойынша балалардың ойын кешендері орнатылады.

Балқаш станциясының Степной көшесінде жарық шамдары пайда болды. Мұнда 40 жарықтандыру тірегі мен 23 шам орнатылды. Мердігер жұмысты 5 күн ішінде орындады. Тұрғындар осыған дейін көшеге кіре берістің аумағын қосымша жарықтандыруды өтінген болатын. Сонымен қатар, қалалық билік балалар алаңын абаттандыруға уәде берді.

Балқаш қаласының 18 мектебі мен балабақшаларына жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Жұмыстар толық жүріп жатыр. Білім беру мекемелерінде жылу және электрмен қамтамасыз ету жүйелерін ауыстырып, терезелер мен қасбеттерді жаңартады. Карантин кезінде мектептер қашықтан оқытуға көшіп, ал балабақшалар жабылғандықтан, биылғы жылы жөндеу жұмыстары мезімінен бұрын  басталды. Маусымның соңына дейін барлық нысандардағы жұмыстарды аяқтау жоспарланып отыр.

Сондай-ақ, қала сыртындағы «Жас Қанат» сауықтыру лагерінің күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Балалардың демалуына қолайлы жағдай жасалады.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыру жаңа жұмыс орындарын қамтамасыз етеді. Жұмыспен қамту орталықтары арқылы нысандарға жұмыссыз жүрген азаматтарды жұмылдырады.

www.balkhash.gov.kz