
Қарағандыда Жаңа жылдың басты нышаны – жасыл шырша түрлі-түсті шамдармен жарқырады.

Қала тұрғындарын ертегі қойылымымен, отшашумен және концерттік бағдарламамен қуантты.

Қарағандының басты шыршасын жағу дәстүр бойынша Тәуелсіздік алаңында өтті. Кешкі сағат жетіге дейін қала тұрғындары балаларымен, отбасыларымен келді, жастар жиналды. Сиқырлы сәтке қатысқысы келетіндер қатары қалың болды.

Ойын-сауық жыл символы – айдаһардың пайда болуы туралы қойылымнан басталды.

Содан кейін алаңға жиналғандар "Бір, екі, үш, кәне, шырша жарқыра!" деп дауыстап, 20 метрлік жасыл сұлудың шамдары жағылды.

Отшашу көрермендерге ерекше мерекелік атмосфера сыйлады. Мыңдаған түрлі-түсті шашу аспанға көтеріліп, әр түрлі пішінге ие болып, жұлдыздардың жарығын қайталады.

Сахнадағы аниматорлармен қатар қарағандылық Тамалшах Данилевский мен Ксения Копель Аяз ата мен Ақшақар костюмдерінде халыққа жаңа жылдық көңіл-күй сыйлады.
– Біз агенттікте аниматор болып жұмыс істейміз. Оның атауы аударғанда кішкентай ғажайыпты білдіреді. Адамдарға керемет көңіл – күй, қуаныш сыйлау үшін шыршаны жағуға келдік, – дейді Тамалшах Данилевский. – Баршаңызға тілектеріңіздің орындалуын тілейміз. Біз адамдардың ғажайыпқа сенгенін қалаймыз.

Апалы-сіңлілі Сара Ахметова мен Айнагүл Жаңабекова алғаш рет Қарағандыда шыршаның жануын тамашалады. Олардың бірі Жезқазғаннан, екіншісі жақында Шет ауданынан қалаға көшіп келген. Олар немерелерін мерекеге алып келді.
– Қойылым, концерттік бағдарлама, отшашу өте ұнады. Ұйымдастырушыларға көп рахмет, бәрі өте әдемі! Балалар ұмытылмас әсер алды. Жаңа жылда біздің еліміз тек гүлденіп, бейбіт аспан болғанын тілейміз, – деп апалы-сіңлілер қарағандылықтарды келе жатқан мерекемен құттықтады.

Сегіз жасар Давид Палкин анасымен бірге шыршаны жағуға келді. Оған әсіресе көңілді ертегі кейіпкерлері мен отшашу ұнады.
– Отшашу әдемі болды. Жаңа жылда баршаңызға бақыт пен табыс, тілектердің орындалуын тілеймін. Мен өзім Аяз атадан гироскутер алғым келеді, – деп бөлісті оқушы.


Фото Александр Марченко және Ербол Ерболаттікі