Жаңа жылдық ғажайып: Қарағандылық көпбалалы отбасына тұрғын үй сатып алуға сертификат берілді

Жаңа жылдық ғажайып: Қарағандылық көпбалалы отбасына тұрғын үй сатып алуға сертификат берілді

Қарағанды қаласының "Шаңырақ" көпбалалы отбасыларды қолдау орталығы Достық үйіндегі форумда үш жылдық жұмысын қорытындылады. Іс-шара барысында Қарағандылық Сәкеновтар көпбалалы отбасын тосын сыймен қуантты. Оларға тұрғын үй сатып алу үшін 10 млн теңгеге сертификат табысталды.

"Шаңырақ" орталығы Қарағандыда үш жыл бұрын мемлекеттік тапсырыс бойынша ашылған. Осы уақыт ішінде 6 мыңға жуық отбасы түрлі көмек алды. Мүгедектігі бар үш баланы емдеу ақысы төленді, 34 отбасы баспанамен қамтамасыз етілді, "Таңшолпан" балалар үйіне жылыжай салынды. Көптеген қайырымдылық спорттық және мәдени іс-шаралар өткізілді. Орталық басшысы Ләззат Қожахметова көптеген демеушілерге қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді.

– "Шаңырақ" өз жұмысын аяқтайды. Келесі жылдан бастап ол жаңа форматта ашылады. Орталық көп балалы отбасыларға ғана емес, мұқтаж барлық отбасыларға қолдау көрсетеді. Жұмыс барысында біз бірнеше кітап шығардық, ал бүгін фотоальбомды ұсынамыз. Орталық әлеуметтік мәселелерді шешумен ғана емес, идеологиямен, мәдениетпен, біліммен, қайырымдылықпен де айналысты. Бүгін біз тұрғын үй сатып алуға 35-ші сертификатты тапсырамыз, – деді Ләззат Қожахметова.

Сертификатты Сәкеновтар жанұясы иеленді. Бұл отбасы алты бала, оның ішінде бір ерекше бала тәрбиелеп отыр.

– 10 жылдан астам уақыт бойы біз баспанаға кезекте тұрдық, – дейді көп балалы ана Алёна Регер. – Біз өзіміз үй сатып ала алмаймыз: қажетті қаражатымыз жоқ. Күйеуім тапқан ақшаның басым бөлігі жалдамалы тұрғын үйдің ақысын төлеуге кетеді. Мен жұмыс істей алмаймын, өйткені менің қолымда үлкен ұлым бар. Ол церебральды сал ауруына шалдыққан. Мені форумға шақырған кезде мұндай сыйлық аламыз деп күткен жоқпын. Бұл өте керемет тосын сый, "Шаңырақ" орталығы мен "Асаруме" Қорының арқасында болған жаңа жылдық ғажайып. Біздің балалар өте қуанышты!