
Қарағанды облысының әкімдігінде биыл сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі өңірлік комиссияның қорытынды отырысы өтті. Денсаулық сақтау саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мәселелері, сондай-ақ жастар арасында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу әдістері талқыланды. Кеңес өңір әкімі Ермағанбет Бөлекпаев пен Қарағанды облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің басшысы Сергей Перовтың қатысуымен өтті.

Денсаулық сақтаудағы сыбайлас жемқорлық көріністері туралы Қарағанды облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті басшысының бірінші орынбасары Әсет Арыстанбеков хабарлады. Атап айтқанда, қызмет медициналық жабдықтарды тиісті сертификаттар мен куәліктерсіз сатып алудың фактілерін анықтады.
– Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау нәтижесінде оларды жою жоспары жасалды. Әр тармақ аналитикамен негізделген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін арттыратын қосымша ұсынымдар ұсынамыз. Біріншісі – облыстың медициналық ұйымдарының басшыларын міндетті ротациялауды көздеу. Екіншісі – сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін дербес анықтау үшін медициналық ұйымдардың штат кестесіне комплаенс-офицерлердің оқшауланған дербес лауазымдарын қосуды қамтамасыз ету. Үшіншісі – анықтамада көрсетілген барлық фактілер бойынша тәртіптік сипаттағы қатаң шаралар қабылдансын, – деп атап өтті Әсет Арыстанбеков.
Сондай-ақ, Теміртау қаласының әкімі Ораз Тәуірбековтың, жастар және ішкі саясат басқармаларының басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралар туралы баяндамалары тыңдалды.
Қарағанды облысының әкімі қарқынды бәсеңдетпеуді, профилактикалық жұмыстарға көбірек көңіл бөлуді тапсырды.
– Қалалар мен аудандардың әкімдері, облыстық басқармалардың басшылары сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шараларды жүргізуге бағытталған жұмысты бақылауда ұстауы қажет. Оның сапасына ерекше назар аудару керек, – деді өңір басшысы.