
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев биыл Қарқаралы ауданының тұрғындарымен екі рет кездесті.

Қарқаралылықтар 73 проблемалық мәселені ортаға салған болатын. Олардың жартысынан көбі шешілді. 34-і бақылауда қалуда.

Тұрғындар мәдениет нысандарын жөндеу, спорт ғимараттарын салу және аумақтарды абаттандыру мәселелеріне алаңдаулы.

Мәселен, олардың бастамасы бойынша Қарағайлы кентінің мәдениет үйін күрделі жөндеуге жобалық-сметалық құжаттама дайындалды. Қаржыландыру келесі жылы облыстық бюджеттен бөлінеді.
"Ауыл – Ел бесігі" арнайы жобасы бойынша келер жылы Қарағайлыда спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы басталады.

Талды ауылындағы болашақ орта мектептің сапасыз салынған іргетасы ауыстырылды. Аймақ басшысының тапсырмасы бойынша мердігер оны бұзып, құрылыс жұмыстарын қайта жалғастырды.

Қарқаралыда туризмді дамыту бойынша үш жылдық жоспар әзірленді. Үлкен көлдің аумағын абаттандыруға ерекше назар аударылады.
Қалған мәселелерді шешу барысы бақылауда.