Ермағанбет Бөлекпаев Осакаров ауданының Молодежный кентінде болды

Ермағанбет Бөлекпаев Осакаров ауданының Молодежный кентінде болды

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Осакаров ауданына жұмыс сапары кезінде Молодежный кентінде болды. Өңір басшысы жылыту маусымының өтуін тексерді. 

Атап айтқанда, "Айгөлек" балабақшасына барып, онда 18 қарашада қатты жел зақымдаған шатырды қалпына келтіру туралы айтылды.

Кепілдік міндеттемелері бойынша мердігер жөндеу жұмыстарын жасады.

Облыс әкімі аумақты абаттандыру бойынша ескертулер жасап, келесі жылы жайлы ойын алаңдарын орнатуды тапсырды.

Аймақ басшысына № 26 мектепте шатырдың қалпына келтірілгені туралы баяндалды, ол да дауылды желдің салдарынан құлаған. Жұмыс қызу жүріп жатыр, желтоқсан айының соңына дейін аяқтау жоспарда. 

Материалдар мен жұмыс күші жеткілікті, нысанда ешқандай проблемалар жоқ екені айтылды.

Сонымен қатар Осакаров ауданының әкімі Руслан Нұрмұханбетов Молодежный мен Батпақ ауылында орналасқан екі денсаулық сақтау нысанының шатырын да жөндеу жұмыстары аяқталатынын айтты.

Ермағанбет Бөлекпаев кентте қазандықтардың қалай жұмыс істейтінін көрді.

– Биыл Молодежный кентіндегі жылу желілеріне жөндеу жүргізілді. Коммуналдық меншіктегі "Сарыарқа-2017" ЖШС қазандығында бес қазандық жөнделді. Сапалы көмір сатып алдық. Жылу өндіру бойынша температуралық режим сақталады, – деді Руслан Нұрмұханбетов.

Сонымен қатар, бұл қазандық әбден ескірген, ондағы жабдықтар тозған. Оның орнына жаңа модульдік қазандық салу жоспарлануда. Жобалық-сметалық құжаттама әзірленді, қазір мемлекеттік сараптамада. Болашақ жылу көзі көмір мен электр энергиясын үнемдейді. Жоба бекітілгеннен кейін бірден қаржыландыруға өтініш берілмек.