
Қарағанды облыстық мәслихатының кезекті X сессиясында өңірдің 2024–2026 жылдарға арналған бюджеті бекітілді. Қаражаттың көп бөлігі халықтың әлеуметтік қажеттіліктеріне жұмсалады. Денсаулық сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік сала объектілерін материалдық-техникалық қамтамасыз ету және жөндеу жалғасады. АӘК алатын отбасылардан 1 –4 сынып оқушылары мен мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбиеленушілерін тамақтандыруға қаражат бөлінеді. Сирек кездесетін ауруларды емдеуге арналған дәрі-дәрмектерге қаржы қарастырылған. Тізімде облыс тұрғындары облыстық бюджет қаражаты есебінен қосымша ала алатын 26 дәрі-дәрмек атауы бар. Сондай-ақ ауылдық жерлерге жіберілетін медицина қызметкерлерін қолдау жалғасады.

– Шығыстардың шамамен 64,4%-ы әлеуметтік салаға бағытталды. Білім беру мен медицинаны қолдауды күшейту арқылы мемлекеттік әлеуметтік міндеттемелерді орындау және адами капиталды дамыту басымдыққа ие. Спорттық және шығармашылық тапсырысты жан басына қаржыландыру, жас мамандардың тұрғын үй қарыздарын өтеу, мүгедек адамдарды әлеуметтік қолдау, мәдениет, спорт және ішкі саясат саласында іс – шаралар өткізу іске асырылатын болады, – деп хабарлады Қаржы басқармасының басшысы Людмила Башарина.
Бюджеттің 21,7%-ы нақты сектор экономикасын дамытуға көзделген. Негізгі бағыттар-ШОБ пен АӨК-ті қолдау, балалардың Қарағандыда қоғамдық көлікте тегін жүруін қамтамасыз ету, шахтерлер мен металлургтердің ипотекалық бағдарламаларын "Отбасы банк"арқылы іске асыру. Сонымен қатар қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шараларға және "қауіпсіз қала"жобасына жәрдем беріледі.

Жылумен және сумен үздіксіз қамтамасыз ету, су бұру, тұрғын үйді салу және реконструкциялау, сондай-ақ жергілікті автожолдар желісін жөндеу және реконструкциялау басымдықта қалып отыр. Сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздікті және құқықтық тәртіпті қорғау, мобилизация дайындығын қолдау да күн тәртібінде.
Сондай-ақ, Қарағанды облысы үшін республикалық бюджеттен білім беру, денсаулық сақтау, жылу, газ және сумен қамту және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерін салуға нысаналы трансферттер мен бюджеттік кредиттер бөлінеді.

Сессияда бірқатар маңызды жобалар айтылды. Ақтоғай ауданы Ақтоғай ауылындағы стадионды реконструкциялауды, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет және төтенше жағдайлар объектілерін дамыту бойынша бес ЖСҚ әзірлеуді, сондай-ақ Бұқар Жырау ауданы Гагарин ауылындағы мектепке жапсарлас құрылысты аяқтау қажет.

Денсаулық сақтау мәселелеріне көп көңіл бөлінді. Депутаттар облыстың қалалары мен аудандарына барып, осы салаға қатысты мәселелермен танысты. Сапалы және қолжетімді медицина мәселесін халық қалаулылары ерекше бақылауға алды.
– Бүгін сіздер үш жылдық бюджетті қолдадыңыздар, – деді Ермағанбет Бөлекпаев. – Әрине, ол болашақта да өзгеретін болады, бірақ біз бұрынғыдай әлеуметтік салаға көп қаражат бөлетін боламыз. Инфрақұрылым бойынша да сұрақтар бар, тағы да ақылдасып,жобалар ұсынамыз. Сіздер денсаулық сақтау саласындағы жұмысты талдайтын, қандай проблемалар бар екенін анықтайтын және ұсыныстар беретін комиссия құрдыңыздар. Бұл үшін жеке алғыс білдіремін.