
Қарағанды мамандандырылған «Мұрагер» мектебінің оқушылары Алматыда өткен робототехника чемпионатында сәтті өнер көрсетті. Tech Cup Almaty 2023 байқауына бір жарым мыңнан астам оқушы қатысқан. Қазақстан мен Қырғызстаннан жиналған 140 команда ақшалай сыйлықтар үшін ғана емес, сонымен қатар халықаралық турнирлерге арналған лицензиялар үшін де күресті.

Қарағанды облысының атынан екі команда қатысты JelToqSun және Atom. Екі команда мүшелері де «Мұрагер» мамандандырылған мектебінің оқушылары. Нәтижесінде 7–9 сынып оқушыларынан құралған JelToqSun командасы First Lego League санатында абсолютті чемпион атанды. Жүлде -ақшалай сертификат және Үндістандағы халықаралық чемпионатқа жолдама (Goa).

– First Lego League роботтық ойыннан, инновациялық жобадан, Робот дизайнынан және негізгі құндылықтан тұрады. Ол жыл сайын әр түрлі тақырыпта өткізіледі. Биылғы жылы өнер (masterpiece) тақырыбы таңдалып алынды. FLL жастарға бағдарламалауды ерте жастан үйренуге және игеруге көмектеседі, – деп түсіндірді тоғызыншы сынып оқушысы, команда дизайнері Нариман Жақып. – Біз мұндай жарыстарға бірінші рет қатысып отырған жоқпыз. Бұл чемпионатқа бір айдан астам уақыт дайындалдық. Әрине, жеңгенімізге қуаныштымыз. Гоада жарыс қаңтар айының соңында өтеді, енді біз оған дайындықты бастаймыз. Осы жазда Америкаға барып, жалпы есепте үшінші орынға ие болған едік. Үндістанда бірінші орынды аламыз деген үміттеміз.

Atom – жаңадан құралған команда. First Tech Challenge санатында ол Think Award аталымында екінші орынға ие болды. Команда капитаны Санжар Сәрсенбаевтың айтуынша, судьялар роботтың көрсетілімін, сондай-ақ портфолионы бағалады. Жүлдегерлер енді осы санат бойынша шеберлік сабақтарын өткізе алады.

Команда жетекшісі – «Мұрагер» ММЛИ информатика пәнінің мұғалімі Бердібек Қазығұлов.
