
Осакаров ауданы Озерный ауылында жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды. Заманауи медициналық нысан "Ауыл – Ел бесігі"арнайы жобасы бойынша салынды.

Жаңа ғимаратта 800-ге жуық жергілікті тұрғындарға қызмет көрсетіледі. Пунктке бір ауысымда 25 емделуші келе алады. Ол пациенттерге шұғыл, жоспарлы және тез қызмет көрсету үшін барлық қажетті құралдармен жабдықталған.

ФАП-тың ашылуына Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бибігүл Төлегенова мен Осакаров ауданының әкімі Руслан Нұрмұханбетов қатысты.

– Бұрынғы үш кабинетті ФАП ауылдағы 1976 жылы салынған екі қабатты ғимаратта орналасқан. Ғимарат пешпен жылытылды, пациенттер үшін де, мейірбике қызметкерлері үшін де қажетті жағдайлар болмады. Енді біздің жаңа ғимарат электр қуатымен жылытылады, су және кәріз жүйесі орталықтандырылған, барлық кабинеттерде ыстық су бар. Ғимарат мүмкіндігі шектеулі жандарға да бейімделген, – деді Осакаров аудандық ауруханасының директоры Ольга Травнева.

Жаңа ғимарат ЭКГ аппаратымен, дефибриллятормен, интернетпен, сондай-ақ заманауи

және ыңғайлы жиһазбен жабдықталған.

Жеке зертхана, қабылдау және процедуралық-егу кабинеттері, күтуге арналған орын, гардероб бар.

Келесі жылы "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" бағдарламасы бойынша Осакаров ауданында бес жаңа медициналық нысан салу жоспарлануда. Медициналық амбулатория және төрт медициналық пункт ашылмақ.
