
Бельгияның Қазақстандағы Елшісі Анри Вантигем «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» халықаралық акциясы аясында Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде болды. Ол кураторлық сағаттарға қатысып, оқушылармен зорлық-зомбылықтың барлық көріністеріне төзбеушілік мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығы туралы әңгімелесті.

– Әлемдегі қатыгездікті жоюға білім мен ғылым да ықпал ете алады. Сіздер тамаша мектепте білім алып жатырсыздар. Осы жерден алған жақсы білім мен тәжірибе елдің зияткерлік потенциалын дамытып қана қоймай, қоғам игілігі мен тыныштығына да бағытталады деп үміттенемін, – деп атап өтті Анри Вантигем.
Қараша айында Бельгия елшілігімен бірге мектепте плакаттар мен эсселер байқаулары, сонымен қатар тұрмыстық зорлық-зомбылықты жоюға қатысты дебат ойындары ұйымдастырылған болатын. Бүгінгі сапары аясында елші байқау жүлдегерлері атанған 15 оқушыға естелік сыйлықтар табыс етті.

Ал эссе байқауының бас жүлдесі 11 сынып оқушысы Мәди Кеңесовке бұйырды.
– Менің тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбындағы эссеме Қазақстандағы қазіргі жағдайлар арқау болды, осы арқылы мен барлық адамды мұндай құбылысқа қарсы күресуге үндегім келді. Бельгия елшісі Анри Вантигеммен кездесу де шабыт сыйлады, бізге берген құнды кеңестері елімізде зорлық – зомбылықсыз жарқын болашақ құруға талпындырады, – дейді Мәди.

«Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» жаһандық науқаны биыл бүкіл Қазақстанды қамтыды. Республикада аккредиттелген БҰҰ дипломатиялық миссиялары мен агенттіктерінің басшылары күш біріктіріп, еліміздің әр өңіріндегі үлкен сынып оқушылары мен ЖОО студенттері арасында конкурстар ұйымдастырды.