
Қарқаралы тұрғыны Гюзель Орынбекова сәбилер мен ерекше балаларға арналған массаж кабинетін ашты. Аудан әкімінің гранты оған өзінің көптен бергі арманын жүзеге асыруға көмектескен.
Гюзельдің медицина саласында білімі бар. Ол бірнеше жыл Қарқаралы емханасында медбике, кейін жергілікті оңалту орталығында массажист болып жұмыс істеген. Декреттік демалысқа шыққаннан кейін үйде бос отырғысы келмейді. Сол кезеңде сауықтыру массажы мен моторлы онтогенез техникасы бойынша онлайн біліктілігін арттырған.

– Екі жыл бойы үйлерге барып массаж жасап жүрдім. Осы уақыт ішінде менің жеке клиенттік базам қалыптасты. Қарқаралыда массаждың барлық техникасын меңгерген және қызметтердің толық кешенін көрсететін сертификатталған шеберлер жоқ. Сондықтан ата – аналар мені өздері іздеп тауып, балаларымен жұмыс істеуді өтінетін, – дейді Гюзель. – Біраз уақыттан кейін мен грант алуға болатынын білдім. Бизнес-жоспар құрып, оны сәтті қорғап, мемлекеттен 1,5 млн теңге көлемінде қолдау алдым. Осы қаражатқа арнайы гидромассажный ванна, төсек-жабдықтарды және басқа да қажетті дүниелерді сатып алдым. Осы арқылы қаламыздағы алғашқы толық қызмет көрсететін массаж бөлмесін аштым.
Гюзель өз кабинетінде бұлшықет гипертониясы, дисплазиясы және басқа да қимыл-қозғалысында қиындықтары бар нәрестелерді қабылдайды. Сонымен қатар әртүрлі аурулары бар ерекше балалар да ем алуға келеді екен. Шамамен бір сағатқа созылатын сеанста ол тек массаж жасап қана қоймайды. Сонымен қатар керек кезінде электрофорез, парафин терапиясын жасай алады.

Гидромассаж оның тәжірибесінің ажырамас бөлігіне айналған.
– Аудан әкімінің гранты маған өз мақсаттарымды іске асыруға көмектесті. Бұрын ерекше балалардың ата – аналары мұндай қызметтер үшін Қарағандыға баруға мәжбүр еді, енді олар туған қаласында білікті маманнан ем ала алады, – деп атап өтті Гюзель. – Болашақта, әрине, жұмыс орынымды кеңейтіп, қызметтерді тұрғындарға қолжетімдірек еткім келеді. Сондықтан үнемі білімімді жетілдіріп, біліктілігімді арттырып отырамын.