Ғалымдар, публицистер мен кәсіпкерлер қарағандылық студенттерге "Алаш" қайраткерлері туралы дәріс оқиды

Ғалымдар, публицистер мен кәсіпкерлер қарағандылық студенттерге "Алаш" қайраткерлері туралы дәріс оқиды

Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің тарих факультетінің студенттері үшін"Алаш" қайраткерлері туралы дәрістерді ғалымдар, публицистер мен кәсіпкерлер оқиды. Танымдық кездесу "Алаш айлығы" аясында ұйымдастырылды.

Студенттерге алғашқылардың бірі болып доцент, тарих ғылымдарының кандидаты және Еуразия ұлттық университеті жанындағы "Ел тарихы" ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Ерлан Сайлаубай дәріс өткізді.

Сондай-ақ, 13 желтоқсанға дейін "Шабыт" халықаралық фестивалінің бас жүлде иегері, ақын, публицист, Мәдениет министрінің кеңесшісі Ербол Алшынбай; жазушы, сценарист, Қазақ ұлттық өнер университетінің аға оқытушысы, "Абай жолы", "Ахмет. Ұлт ұстазы", " Міржақып. Оян қазақ" фильмдерінің сценарий авторы Ұларбек Нұрғалымұлы; "Natige" ЖШС директоры, меценат-кәсіпкер Ерлан Әшім және басқа да сарапшы-алаштанушылар студенттерге дәріс оқитын болады.

– Көрнекті ғалымдардың, сарапшы-алаштанушылардың қатысуымен дәрістер өткізу біздің университетте жақсы дәстүрге айналды. Пандемия кезінде біз оларды онлайн режимінде өткіздік. Екі жыл қатарынан бұл кездесулер офлайн форматта өтуде. Студенттерге ұнайды, өйткені спикерлердің әрқайсысы алашордалықтардың мұрасы, олардың армандары мен мақсаттары туралы терең мағұлмат бере алады, – деп атап өтті ҚарУ тарих факультетінің деканы Жамбыл Жұмабеков. – Біздің мақсатымыз-өскелең ұрпақтың санасына "Алаш" партиясы көшбасшыларының еңбегін, тәуелсіздіктің құндылығын жеткізу.

Қалалық әкімдіктің қолдауымен мұндай дәрістер аймақтың барлық ЖОО өтуде.