
Әдемі шаш үлгісі мен сәнді киім – заман талабы. Байқау "Шаштараз өнері" мен "Тігін өндірісі және киімді модельдеу"мамандықтары бойынша екі номинацияда өтті.

Оған Қарағандыдағы кәсіптік-техникалық колледждердің 13 студенті қатысты.

Қазылар алқасы практикалық жұмыстар арқылы қатысушылардың білімін, іскерлігін, дағдылары мен еңбек функцияларын бағалады.

"Шаштараз өнерінде" бірінші орынды Қарағанды технология және сервис колледжінің 3-курс студенті Ульяна Ержанова иеленді. Қарағанды сән колледжінің 4-курс студенті Фатима Жұмағалиева "Тігін өндірісі мен киімді модельдеуде" үздік атанды.

Ульяна Ержанова бала кезден шығармашылыққа жақын. Өз қолымен бірдеңе жасағанды, құрастырғанды ұнатады.
– Мектеп кезінен бастап, қолөнермен қатар, мен әртүрлі шаш үлгілерін жасауға қызығамын. Сондықтан шаштараз мамандығын таңдадым. Байқауда белгілі бір уақыт ішінде шаш үлгісін жасау керек болды. Алаңдамай, жұмысқа жан тәніммен кіріскендіктен жеңіске жеттім деп ойлаймын. Шашты ұқыпты және әдемі етіп көрсету үшін бәрін істедім. Мұндай байқаулар өз мамандығым бойынша одан әрі дамуға ынталандырады. Колледжді бітіргеннен кейін біліктілігімді арттыруды жоспарлап отырмын, – дейді Ульяна.

Фатима Жұмағалиева "сәнгер-конструктор"мамандығы бойынша оқып жатыр. Сурет салуды және қолөнермен айналысқанды ұнатады.
– Бұл байқауға алғаш рет қатысып отырмын. Бәсекелестік аса үлкен болмады. Басқа колледждердің қыздары да тапсырманы жақсы орындады. Байқау 6 сағатқа созылды. Бізге негізгі үлгілер берілді және біз сол бойынша қиып шықтық. Содан кейін матаны кесіп, тігуге отырдық. Мен кеудеше тігіп шықтым. Байқау-бұл сіздің дағдыңыз бен деңгейіңізді бағалау мүмкіндігі, –дейді Фатима.

Жеңімпаздар дипломдармен және ақшалай сертификаттармен марапатталды.
Байқау " Дұрыс таңдау жаса!» жобасының шеңберінде ұйымдастырылды.