Тігіншілер, аспаздар: Қарағанды облысындағы жұмыссыздар жаңа мамандықтар алуда

Тігіншілер, аспаздар: Қарағанды облысындағы жұмыссыздар жаңа мамандықтар алуда

Қарағанды облысында жыл басынан бері қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға 571 жұмыссыз жіберілді. Олардың көпшілігі жаңа мамандықтарды игеріп, тұрақты жұмыс орындарына ие болды. 

Саран тұрғыны Эльмира Волкова көп жыл мектепте жұмыс істеді, информатика пәнінен сабақ берді. Бір жыл бұрын ол өмірін түбегейлі өзгертуге шешім қабылдады және қысқа мерзімді курстарда оқуға тіркелді.

– Мен жұмыспен қамту орталығына жүгіндім, маған "A.V. Group" ЖШС Оқу орталығының базасында түптеушіге оқуды ұсынды. Оқу үш айға созылды, мен мұнда тәжірибеден өттім, содан кейін жұмыс істеймін деп шештім. Курстар кезінде стипендия алдым. Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту бағдарламасы – жаңа мамандықты тез меңгергісі келетіндер үшін жақсы мүмкіндік. Өйткені білім толыққанды беріледі. Қазір менің сүйікті ісім бар, блокноттар мен басқа да кеңсе өнімдерін жасаймын. Сонымен қатар, ол менің үйімнің жанында, – деді Эльмира.

"A.V. Group" ЖШС биыл өзінің 10 жылдығын атап өтті. Кәсіпорын – облыста алғашқылардың бірі болып полиграфиялық басып шығарудың толық циклын құрған және қазақ тілінде Брайль шрифтімен басып шығарумен айналысатын еліміздегі жалғыз кәсіпорын.

Полиграфиялық өнімдерден басқа, компания жиһаз өндірумен айналысады, арнайы киімдер мен тұтыну тауарларын шығарады. Бүгінгі таңда серіктестік кәсіпорындарында 150 адам жұмыс істейді.

– Оның 70-і біздің оқу орталығының базасында қысқа мерзімді кәсіптік оқудан өтті. Біз Саран қаласының мансап орталығымен жұмыс істейміз, олар бізге жұмыссыздарды жібереді. Біз оларды 3 айдан 6 айға дейін оқытамыз, содан кейін жұмыс орнын ұсынамыз, – дейді "A.V. Group" ЖШС бас директоры Владимир Алескеров. – Біз өзіміз үшін мамандар дайындаймыз, сондықтан олардың біліктілігіне сенімдіміз. Болашақта осы бағдарлама бойынша тағы 200-ге жуық адамды жұмысқа орналастыруға дайынбыз. Сондай-ақ, біз арнайы киімнен алыстап, көпшілік тұтынатын киім тігумен айналысқымыз келеді.

Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту бағдарламасының түлектері жаңа мамандықты игеріп, кепілді жұмысқа орналасып қана қоймай, мемлекеттік үлгідегі сертификаттарды да алады. Сонымен қатар, кейбір курстарды онлайн оқуға да олады. Олардың тізімі enbek.kz сайтында көрсетілген.

– Бүгінгі таңда Қарағанды облысында қысқа мерзімді курстарға 571 адам жіберілді, оның 435-і оқуды аяқтап, 317-сі жұмысқа орналастырылды. Оқу кезеңінде олар мемлекеттен 32 685 теңге көлемінде стипендия алады, оларға жол ақысы төленеді, – деді Қарағанды облысының еңбек ұтқырлығы орталығының директоры Дәурен Қошқаралиев. – Өңірде кәсіпорындар базасында орналасқан 20 оқу орталығы бар. Олар тігіншілер, аспаздар, кондитерлер және т. б. сияқты сұранысқа ие мамандықтар бойынша мамандар дайындайды