
Ботақара кентінде көрнекті ақын Бұқар жырау Қалқаманұлының 355 жылдығына арналған "Бұқарекең жырлайды" атты республикалық айтыс өтті. Додада 10 айтыскер бақ сынасты.

Қатысушылар еліміздің түкпір-түкпірінен Бұқар жырау жеріне келді. Дәстүрге айналған "Бұқарекең жырлайды" бұл жолы жас ақындарға домбыраның құлағында ойнап, тәжірибелі суырыпсалма майталмандарымен бәсекеге түсуге мүмкіндік ашты.

Алты сағат бойы қатысушылар өздерінің тапқырлығымен және шешендік өнерімен залдың назарын аударды.

Мұхтар Ниязов Қызылорда облысынан келді. Ол мектеп жасынан өлең жазады, ал 19 жасынан бастап айтысқа қатыса бастады. Осы жылдар ішінде айтыскер бірнеше рет халықаралық жарыстарда жеңіске жетті, "Алтын домбыраның" үш дүркін иегері және Қырғызстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері. "Бұқарекең жырлайды" сайысында ол Бас жүлдеге ие болды.
– "Бұқарекең жырлайды" сайысына алғаш рет қатысып отырмын. Айтыс лайықты деңгейде өтті. Бастапқыда біз осы іс-шараның бас ұйымдастырушысы – атақты айтыскер Айтбай Жұмағұлдың шәкірттері болып табылатын жас ақындармен жарыстық. Менің ойымша, ол бізді рухани спаррингке апарғаны бекер емес. Бұл жастар үшін үлкен тәжірибе және тәжірибелі ақындар үшін жаңа леп, – дейді Мұхтар Ниязов.

Айтыста бірінші орынды Қостанай облысының тумасы, республикалық және халықаралық ақындар мен айтыскерлер байқауларының бірнеше дүркін жүлдегері Сырым Әуезхан жеңіп алды.
– Бұқар жырау – тек Сарыарқа ақыны ғана емес, бүкіл еліміз де жырлауы тиіс алып тұлға. Оның бай мұрасы жас ұрпақ арасында терең зерттеуге және таратуға лайық. Болашақта осы айтысты неғұрлым ауқымды өткізгім келеді, – деп атап өтті Сырым Әуезхан.

Екінші орынды шымкенттік ақын Біржан Байтуов пен жас ақын Еркеғали Бекболат иеленді. Үшінші орынды қарағандылық Доскей Ботпай мен павлодарлық Рауан Қайдаров бөлісті.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен және ақшалай сертификаттармен, қатысушылар естелік сыйлықтармен марапатталды.
