
Балқаш қаласының он үш жасар спортшысы Дарья Ли Жапонияда өткен турнирде алтын медаль жеңіп алып, каратеден әлем чемпионы атанды.

Дарья Әлімхан Ермеков атындағы мектеп-лицейдің сегізінші сыныбында оқиды. Спортпен 6 жасынан бастап айналысады. Соңғы төрт жылын каратеге арнады, қоңыр белбеуі бар, ол өзінің жас санатында Қазақстанның үш дүркін чемпионы. Спортшыны төртінші дан қара белбеу иегері Дидар Әшірбеков жаттықтырады.
– Мен каратемен айналысуды шешкенімде, көбісі менен бұл ойымнан бас тартуымды сұраған болатын. Бірақ маған спорттың философиясы ұнайды. Әлем чемпионатында өнер көрсету – менің халықаралық турнирлерге қатысудағы алғашқы тәжірибем. Керемет қатты толқыған жоқпын. Жаттықтырушымның баптауы мен қолдауының арқасында мен өзімді жаттығуда жүргендей сезіндім. Бұл маған жеңіске жетуге көмектескен шығар, – дейді Дарья.

Спорт қыз баланың мектепте де табысты болуына кедергі болмайды. Ол менталдық математикадан қалалық, облыстық, халықаралық олимпиадалардың бірнеше дүркін жеңімпазы, мектептің қоғамдық өміріне белсенді қатысады.

– Қызымның жеңісі – бапкер Дидар Әшірбековтің еңбегі. Ол өте қатал, ешкімге жеңілдік бермейді, балалардың мінезін қалыптастырады, тәрбиелейді, – дейді Дарьяның анасы Елена Ким. – Өкінішке орай, бұндай жарыстар қаржыландырылмайды.

Токиода өткен әлем чемпионатында Қазақстаннан 20 спортшы қатысты. Жалпы қазақстандықтар төрт алтын, екі күміс және үш қола медаль жеңіп алды.

– Қазақстандық команда құрамында Алматы, Атырау және Балқаш спортшылары болды. Дарья Лимен бірге болашағы зор спортшы Дамир Кузнецовты алып бардым, – дейді Дидар Әшірбеков. – Дарья Жапония мен Солтүстік Африкадан келген қарсыластарын жеңді. Финалда австралиялық спортшының жекпе-жегінде жеңіске жетті. Дамир Кузнецов іріктеу кезеңінен өтіп, Германия мен Ирландиядан келген спортшыларды жеңді. Бірақ финалда оның жеңісін әділ бағалаған жоқ. Жалпы, біздің команда өте лайықты өнер көрсетті.

Дидар Әшірбековте бар-жоғы 70-ке жуық спортшы айналысады. Олардың көпшілігі республикалық турнирлердің бірнеше дүркін жеңімпаздары. Жақын арада жаттықтырушы өз шәкірттерін Ресейге, Грузияға және Францияға халықаралық турнирлерге шығарғысы келеді.