Қарағанды облысында волонтерлікті дамыту және жастар ҮЕҰ жұмысы талқыланды

Қарағанды облысында волонтерлікті дамыту және жастар ҮЕҰ жұмысы талқыланды

Жастар еріктілігі желісі жөніндегі кеңесте Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев санға емес, сапаға басымдық бере отырып, волонтерлік желілерді дамытуды тапсырды. Сондай-ақ, отырыста еріктілер үшін бірыңғай киім үлгісін әзірлеу және мемлекеттік қолдау шеңберінде іске қосылған қолданыстағы бизнес-жобаларды масштабтау туралы шешім қабылданды. Өңір әкімдігінде жастардың сұрақтары талқыланды.

Жыл сайын облыста еріктілер қозғалысына тартылған жастар саны артып келеді. Жастар қоғамдық өмірге қатысады, қайырымдылық және басқа да әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асырады.

– Өңірде жастар ҮЕҰ-ы маңызды рөл атқарады. Олар бос уақыттарын ұйымдастырады, жастар кәсіпкерлігін қолдауды, волонтерлікті дамытуды, жастардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз етеді, салауатты өмір салтын және экологиялық мәдениетті насихаттайды, – деп атап өтті жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Біржан Әлімжанов. – Қазіргі уақытта облыста 71 жастар үкіметтік емес ұйымы тіркелген, оның 40-ы белсенді жұмыс жүргізуде. Алдыңғы жылдармен салыстырғанда бұл көрсеткіштің өсуін байқауға болады.

ҮЕҰ мен еріктілер санының артуымен қатар жастар жобаларын қаржыландыру да жыл сайын өсіп келеді. Бірақ олардың барлығының даму әлеуеті бірдей емес, деп атап өтті отырысқа қатысушылар. Олар мемлекетті қолдауға үміткер бизнес-идеяларды мұқият таңдауды ұсынды.

Өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев жобалардың өміршеңдігі мен олардың сұранысқа иелігіне қарай талдау қажеттігін атап өтті.

– Болашақта қоғамға пайда әкелетін әлеуетті жобаларға гранттар бөлу қажет, – деді Ермағанбет Бөлекпаев. – Балаларды ауылдарда оқытуға бағытталған жобаларды қолдау қажет. Ондай жобаларды іске асырудың барлық кезеңдерінде сүйемелдеу керек.