
Жылыту маусымы басталғаннан бері Қарағанды облысында 38 өрт болып, бір адам зардап шекті. Өрттердің басым бөлігі жеке секторда болады. Басты себеп – пештер мен газ жабдықтарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерінің өрескел бұзылуы.
Өрт санын азайту үшін қандай шаралар қабылданып жатқанын ТЖД бастығының орынбасары Ақылбек Ахметжанов облыс әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте мәлімдеді.
Ең алдымен құтқарушылар профилактикалық жұмысты күшейтті.
– Жыл басынан бері барлық мүдделі органдар мен ұйымдарды тарта отырып, өрт қауіпсіздігі және газ баллон жабдықтарын пайдалану ережелерін сақтау мәселесі бойынша 78 мыңнан астам рейд, 230 мыңға жуық адамды қамтитын аулаларды аралау және 35 мыңнан астам адамды қамти отырып, халықпен 300-ге жуық жиын ұйымдастырылды және өткізілді, – деп хабарлады Ақылбек Ахметжанов.
Әлеуметтік осал отбасылардың үйлерін көміртегі тотығы датчиктерімен жабдықтау жалғасуда. Жылыту маусымы басталғаннан бері 249 құрылғы орнатылды. 2018 жылдан бастап 2826 үйде датчиктер пайда болды.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қалалар мен аудандардың әкімдеріне жылыту маусымы кезінде ТЖ департаментімен бірлесіп өрттің алдын алу, жарақат алу және адам өлімі бойынша түсіндіру жұмыстарын тұрақты негізде жүргізуді тапсырды. Жыл соңына дейін халықтың әлеуметтік осал топтарының үйлерінде 100 % датчиктер орнатылу керектігін айтты.