
Нұра ауданында өз ісін ашуға және дамытуға бизнесін жаңа бастаған 20 кәсіпкер грант алды. Олардың жетеуі мүгедек адамдар.

Диана Ахметова өзінің көптен бергі арманын жүзеге асырды – Ахмет ауылында сұлулық салонын ашты. Бойжеткеннің есту қабілеті нашар. Ауруына қарамастан, ол шаштараз, макияж визажист, кірпік ұзарту және шугаринг жасау бойынша шебер мамандықтарын игерген. Ұзақ уақыт бойы клиенттерін үйінде қабылдаған. Ал "Бастау Бизнес" курсын аяқтағаннан кейін грантқа өтініш беріп, сұлулық студиясын ашуға шешім қабылдады.

– Сұлулық саласында мен 2018 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Бастапқыда "Салон шебері" макияж курстарынан өттім. Әрі қарай кірпік ұзарту, шугаринг, шаш қиюды үйрендім. Содан кейін "Бастау Бизнес" курсынан өтіп, дербес бизнес-жоспар құрып, 950 мың теңге көлемінде грант алдым, – дейді Диана.

– Осы қаражатқа салонға арналған жабдықты сатып алдым. Ахмет ауылындағы сауда орталығында жалға берілетін үй-жай таптым. Қазір менің 20-ға жуық тұрақты клиенттерім бар. Мен оларға әдемі және сенімді болуға көмектесемін.

Қарой ауылының тұрғыны 48 жастағы шебер Дос Төлегенов автошеберхананы дамыту үшін 1,3 млн теңге көлемінде грант алды. Ұзақ уақыт бойы церебральды сал ауруы бар адам үлкен ұлы Нұрасылмен бірге электр құрылғылары мен теледидарларды жөндейтін шағын шеберханада жұмыс істеді.
Биыл кәсіпкер көрсетілетін қызметтердің ауқымын кеңейтуге шешім қабылдады және үйдің жанында көлік жөндейтін шеберхана жабдықтады.

– Жақсы автоэлектриктер өте аз. Мен бұл салада өмір бойы жұмыс істеймін, әртүрлі құрылғыларды, агрегаттарды жөндеймін, кейде автокөлік иелері де жүгінетін, сондықтан мен автоэлектрик қызметін көрсетуді шештім. Менде үш көлікке шақталған гаражым бар, болашақта субсидияланатын жұмыс орындарына бес адамды жұмысқа орналастыруды жоспарлап отырмын. Қазір маған ұлым көмектеседі, ол колледжде автоэлектрик мамандығында оқиды, – дейді Дос. – Грант маған көп көмектесті, мен автокөліктің ақауларын диагностикалау үшін қымбат құрылғылар сатып алдым. Болашақта көтергіш сатып алғым келеді.
Сондай-ақ, мүгедектігі бар кәсіпкерлер Нұра ауданында сиыр мен ешкі сүтін қабылдау және өңдеу цехын, тігін шеберханасын, үй құстарын өсіру бойынша шағын фермалар ашты.