Қарағанды облысындағы қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай туралы

Қарағанды облысындағы қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай туралы

Қарағанды облысында күн сайын халық арасында қызылша дертін жұқтырудың 10-ға дейін жағдайы тіркеледі. Науқастардың көпшілігі бір жастан 4 жасқа дейінгі вакцинацияланбаған балалар.

Соңғы айларда дәрігерлер қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдайдың асқынғанын атап өтті. Қазан айында аймақтағы науқастардың саны өткен аймен салыстырғанда екі есе өсті. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Қарағанды облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының м. а. Гүлжан Байғұтанова айтып берді. 

– 8 қарашадағы жағдай бойынша қызылша жұқтырды деген күдікпен 350 жағдай тіркелді, оның ішінде 268 жағдай зертханалық расталды. Көбіне 14 жасқа дейінгі балалар инфекцияға барынша бейім, олардың жартысынан көбі бір жастан 4 жасқа дейінгі балалар, – деп атап өтті Гүлжан Байғұтанова. – Бұл ретте қызылшамен сырқаттанушылықтың 85%-ы вакцинацияланбаған балалар арасында тіркеледі.

Спикер қызылша – бұл жұқпалылығы жоғары ауру, ол ауа арқылы таралады және сәйкесінше вакцинацияланбағандарға қауіп төндіретінін еске салды. Алдын алудың ең сенімді шарасы – вакцинация. Ауру жағдайында вакцинация асқынулардан қорғайды.

Келесідей асқынулар пайда болуы мүмкін: отит, пневмония, энцефалит, менингит, панэнцефалит. Паненцефалит – бұл мидың зақымдануының ең ауыр асқынуы, ол қызылшамен аурған соң бірнеше жыл өткеннен кейін дамиды және мүгедектік пен өлімге алып келу қаупі жоғары.

– Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесіне сәйкес қызылшаға қарсы жоспарлы егулер 12 айлық (вакцинация) және 6 жастағы (ревакцинация) балаларға жүргізіледі, – деді Гүлжан Байғұтанова. – Эпидемиялық көрсеткіштер бойынша қызылшаға қарсы егулерді (шұғыл профилактика) 30 жасқа дейінгі, бұрын ауырмаған, егілмеген және қызылшаға қарсы профилактикалық егулер туралы мәліметтері жоқ немесе бір рет егілген ошақтардағы ауруға шалдыққандармен байланысқан адамдарға жүргізеді. Қарсы көрсетілімдер болмаған жағдайда вакцина науқаспен байланыста болғаннан кейін 72 сағаттан кешіктірілмей енгізіледі.

Осы жылдың 9 айында Қарағанды облысында қызылшаға қарсы 12 027 бір жасар бала және 6 жастағы 11 871 бала егілді.

Бұдан басқа, өңірде вакцинация туралы деректерсіз немесе мерзімінде вакцинацияланбаған адамдарды иммундау бойынша іс-шаралар жүргізілуде. 1 қарашадағы жағдай бойынша облыста қызылшаға қарсы иммундаумен вакцинациялауға жататын 8591 адамның 3721-і қамтылды.

– 6 қарашадан бастап эпидемиологиялық жағдай тұрақтанғанға дейін 6 айдан 11 айға дейінгі балаларға қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундау басталды. 5 желтоқсаннан 2024 жылдың қаңтарына дейін қызылшаға қарсы егу мәртебесіне қарамастан 2 жастан 4 жасқа дейінгі балалар 11 ай 29 күн және қызылшаға қарсы екпе алмаған медицина қызметкерлері қосымша жаппай иммундаумен қамтылатын болады, – деп толықтырды спикер. – Қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундау кезеңінде вакцинацияланған 6–11 айлық балалар, олар 12–15 айға жеткенде, осы инфекцияға қарсы жоспарлы вакцинациялануға жататынына назар аударғым келеді.

Қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундауға жатпайтындар:

- қызылшамен ауырған (расталған жағдайға эпидемиологиялық байланысты зертханалық және клиникалық расталған жағдайлар), құжаттық растамасы бар адамдар;

- ККП вакцинасына тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамдар;

- 2023 жылы инфекция ошақтарында және қосымша иммундау шеңберінде қызылшаға қарсы эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша егілген балалар;

- жоспарлы екпе алған және ауырған медицина қызметкерлері мен денсаулық сақтау ұйымдарының қызметкерлері.

Қызылшаға және қызамыққа қарсы қосымша иммундау кезінде Үндістанда өндірілген қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы аралас вакцина қолданылады. Бұл вакцина қауіпсіз, әлемнің 70-тен астам елінде, соның ішінде Еуропада қолданылады, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен сертификатталған және мемлекеттік тіркеуден өткен.

Иммундау балалардың тіркелген жері бойынша амбулаториялық-емханалық ұйымдарда тегін жүргізіледі.