
Алматыда Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған музыка мектебінің базасында XXX халықаралық жас орындаушылар байқауы өтті. Қарағандылық саксофоншы Гран-приге ие болды.

Байқауға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Ресейден 200-ден астам музыкант қатысты. Олар өз шеберліктерін ішекті, үрмелі және ұрмалы аспаптарда көрсетті.

Қарағанды облыстық мамандандырылған музыкалық мектеп-интернатының атынан 25 оқушы қатысты, олардың 13-і лауреат атанды, жетеуі диплом алды.

Бас жүлдені 12 "Б" сынып оқушысы Дарья Ванюкова (саксофон) жеңіп алды.
– Мен осыдан 5 жыл бұрын саксофонда ойнай бастадым. Байқауда ХХ ғасырдағы француз композиторларының, сондай-ақ қазақстандық композитор Ермұрат Үсеновтың шығармаларын орындадым. Шығармашылық жарыстар әрқашан алдын-ала дайындалатын маңызды шара. Бұл жолы мен тамыздан бастап белсенді дайындалдым. Байқауға қатысқан музыканттар мықты, сондықтан мен үшін бұл үлкен мәртебе. Мектепті бітіргеннен кейін Құрманғазы атындағы консерваторияда саксофон ойнауды жалғастыруды жоспарлап отырмын, – деді Дарья.

Ахмет Жұбанов атындағы байқаудың 30 жылдық тарихы бар. Ол алғаш рет 1993 жылы пианистерге арналған фестиваль форматында өтті. Біраз уақыттан кейін оның бағдарламасына басқа да аспаптар кірді. Содан бері байқау жыл сайын өткізіліп келеді.

Дарынды балалар үшін – бұл өзін-өзі таныту ғана емес, сонымен қатар шығармашылық даму мүмкіндігі, ал мұғалімдер үшін – тәжірибе алмасу, кәсібилік деңгейін арттыру.