
Қарағанды облысы колледждерінің педагогтары Республикалық кәсіби шеберлік байқауында табысты өнер көрсетуде. Шара әр түрлі құзыреттер бойынша және әр түрлі жерлерде кезең-кезеңімен өтеді. Қарағандылықтардың қоржынында екі бірінші орын, бір үшінші және екі медальон бар.

Қарағанды машина жасау колледжінде жұмыс істейтін Нұрдәулет Жұмасейітов Шығыс Қазақстаннан марапатпен оралды. Өскемен жоғары политехникалық колледжінің базасында инженерлік сала бойынша кәсіби шеберлік байқауы өтті. Жеңіс үшін еліміздің түкпір-түкпірінен келген 18 оқытушы таласты. Нұрдәулет Жұмасейітов бірінші орын иеленді.
– Мұндай байқауға алғаш рет қатысып отырмын. Колледжде бес жыл жұмыс істеймін, бұған дейін өндірістік кәсіпорында жұмыс істедім. Мен "Кең профильді станокшы", "CNC станоктарының операторы" мамандықтары бойынша білім алатын студенттерге сабақ беремін. Бұл сұранысқа ие мамандар, – дейді Нұрдәулет Жұмасейтов. – Бұл байқау – қабілеттеріңізді тексеруге және әріптестеріңізбен тәжірибе алмасуға тамаша мүмкіндік.

Қатысушылар теория мен практикалық дағдыларды білуде бақ сынасты. Онлайн тестілеуден кейін 30 қатысушының 18-і екінші кезеңге шықты. Бірнеше тапсырмалар болды: графикалық редакторда сызба салу, "Мен – SMART-инженермін" – бөлшектерді әзірлеу және жобалау, еңбекті қорғау және қауіпсіздік бойынша ситуациялық мәселені шешу. Сонымен қатар, сабақты бейтаныс аудиториямен өткізу керек болды.
Қазылар алқасы қарағандылықтың кәсібилігін жоғары бағалады. Жеңімпаз әріптестеріне "Биіктіктегі жұмыс" тақырыбында шеберлік сабағын өткізді.

Ауыл шаруашылығы қызметкерлерін дайындайтын педагогтар арасында байқау Жамбыл облысында, Құлан агротехникалық жоғары колледжінің базасында өтті. "Ветеринария" құзыретінде бірінші орынды Абай көпсалалы колледжінің оқытушысы Ақмерей Серікова иеленді.
Ол колледжде төртінші жыл жұмыс істейді, мұнда С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетін бітіргеннен кейін келген. Жас маман өзін теорияда да, практикада да көрсете алды.
– Біздің құзыретімізде 16 оқытушы қатысты. Әрине, бұл оңай болған жоқ. Практикалық кезең жануарларда диагностикалық лапаротомия жүргізу, микроскопия арқылы патогендік бактерияларды анықтау, жануарларға дәрілік препараттарды енгізу, ұсақ жануарлардың буаздығын ультрадыбыстық диагностикалау сияқты тапсырмаларды қамтыды, – деді Ақмерей Серікова.
Қызмет көрсету саласында қарағандылықтар да үздіктер қатарында. Ақтаудағы байқауда Қарағанды тамақтану және сервис колледжінің екі өндірістік оқыту шебері марапаттарға ие болды.

"Аспаз ісі" құзыретінде Зарина Үрпатшаева үшінші орынды иеленді.

Гүлнара Маматова "Еңбекқор наубайшы" номинациясының иегері атанды.

"Киім дизайны" құзыреттілігінде медальонды Қарағанды технология және сервис колледжінің шебері Инга Шептунова алды.

Семейде құрылыс саласындағы кәсіби шеберлік байқауы өтті. "Сырлау және сәндік жұмыстар" құзыреттілігінде Теміртау жоғары политехникалық колледжінің оқытушысы Виктория Новикова медальонмен марапатталды.
Марапаттар қоржыны басқа құзыреттер бойынша толықтырылуы мүмкін. Колледж педагогтары арасында үшінші республикалық кәсіби шеберлік байқауы жалғасуда.