
Ақтоғай ауданының әкімі болып Руслан Кенжебеков сайланды. Сайлау нәтижелері бойынша ол сайлаушылардың көпшілік дауысына ие бола отырып, өз қызметін сақтап қалды.

Облыстық сайлау комиссиясының ақпараты бойынша, ауыл тұрғындары сайлауға белсенді қатысты: сайлаушылардың келуі 75 % құрады. Руслан Кенжебеков үшін 5656 дауыс берілді.

Сайланған әкімді қала активіне Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын ұсынды.
– Көрсетілген сенімдеріңіз үшін зор алғыс айтамын. Алдыма қойылған міндеттерді орындау үшін бар күш-жігерімді саламын, – деді Ақтоғай ауданының әкімі.
Руслан Кенжебеков Ақтоғай ауданы Қызыларай ауылында дүниеге келген. Мемлекеттік қызметтегі еңбек жолын 2002 жылдан бастап бас маман болып бастап, басшылық лауазымдарға дейін көтерілген. Әділет органдарында, монополияға қарсы қызметте жұмыс істеді. ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Адами ресурстармен жұмыс департаментінің директоры, Ақмола облысы әкімінің кеңесшісі, ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік қызмет және кадр саясаты бөлімінің кеңесшісі болды. 2023 жылдың қаңтар айынан бастап қазіргі уақытқа дейін Ақтоғай ауданының әкімі болып жұмыс істеді.